Елбасы туралы көшпелі көрме Жапонияға жол тартады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасының көшпелі көрмесі Жапонияға жол тартады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көрме ядролық қарусыздандыру мәселесі мен Қазақстан тарихына арналмақ.

«Елбасы қызметі туралы көшпелі көрме жобасын алыс-жақын елдердің назарына ұсынғымыз келеді. Биылғы жылдың жоспарында Жапония да бар. Онда Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қарусыздандыру саласына сіңірген еңбегін көрсеткіміз келеді. Көшпелі көрме шамамен 2019 жылдың қазан айында Токио немесе Хиросима қалаларында өтеді. Алыс сапарға ел өңірлеріндегідей кешенді көрме апара алмауымыз мүмкін. Ең қажетті әрі маңызды материалдар іріктеліп жатыр», - деді Елбасы Кітапханасының директоры Әмірхан Рақымжанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, Елбасы кітапханасының ауқымды жобаларының бірі - «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі көрмесі 2017 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Екі жарым жылда көрмелер Алматы, Түркістан, Атырау, Ақтөбе облыстарында және Алматы қаласында өтті, бұл көрмелерді 730 мыңнан астам адам тамашалаған. Алдағы 5-8 сәуір күндері көшпелі көрме Қызылорда қаласында ашылады.

«Көшпелі жоба тек қана көрме қоюмен шектелмейді. Ол аймақтық кәсіби сессия, тақырыптық және шолу экскурсиялары, шеберлік сабақтары, семинар-тренингтер, алыс-жақын шет ел ғалымдардың қатысуымен өтетін халықаралық ғылыми конференцияларды қамтиды. Басты идея - өңір тұрғындарына осы білімді жеткізу. Мемлекетіміздің күрделі жолы туралы - өткен ғасырдың 90-жылдарындағы бос азық-түлік сөрелерінен қазіргі тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуға дейін айту. ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіз Қазақстанның тағдырындағы рөлін көрсету», - дейді Әмірхан Рақымжанов.

Жоба аясында еліміздің әр аймағы мыңға жуық жәдігермен, атап айтқанда, Елбасы кітапханасындағы архив, кітапхана, музей қорларының материалдарымен танысады.

«Көшпелі көрменің артықшылығы - оның аясында көпшілік назарына ұсынылатын жәдігерлерді Назарбаев орталығы келушілерінің өзі күнде көре алмайды. Осы орайда аймақ тұрғындарының тың, маңызды жәдігерлермен танысуда «жолы» болып тұр. Мәселен, халық арасында көп тараған Нұрсұлтан Назарбаевтың ақ-қара суреті түпнұсқада ұсынылады. Ол суретті армян президентінің жеке фотосуретшісі Давид Акопян 2017 жылы Сочиде өткен ТМД көшбасшыларының саммитінде түсірген. Сонымен бірге, РФ Президенті Владимир Путин сыйлаған «Щелкунчик» балетінің сарыны бойынша зергерлік композициясы, Нұр-Сұлтан және Қазақстан Митрополиті Александрден «Рождество Христово» Церетели панносы және Рим Папасы Франциска сыйлаған «Зәйтүн бұтағы» композициясы бар», - деп атап өтті Ә. Рахымжанов.

Тұңғыш Президенттің жоғары мемлекеттік марапаттарының топтамасы келушілерді ерекше қызықтырады.

«Мысалы, «Әулие апостол Андрей Первозванный» ордені - Ресей Федерациясының жоғары наградасы. 17 ғасырда бекітілген алғашқы ресейлік марапатпен әр кезеңде Наполеон Бонапарт, Александр Суворов, Михаил Кутузов, Петр Багратион марапатталған. Бұл орденмен Н. Назарбаев Ресей мен Қазақстан арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан жеке зор үлесі үшін марапатталды. «Пий ордені» - Ватикан мемлекеті мен Қасиетті Тақтың ең жоғары наградасы. Аталған наградамен әлемде 15 тұлға ғана марапатталған. Марапаттардың түпнұсқасы арқылы отандастарымыз тек қана Қазақстанның өркендеуі мен гүлденуіне емес, әлемнің дамуы мен жаһандық бейбітшілікке де қосқан Елбасының аса құнды үлесін сезінеді», - деп өз сөзін жалғастырды кітапхана басшысы.

Мемлекет басшыларының, белгілі ғылым, мәдениет және өнер көрнекті қайраткерлерінің қолтаңбасы бар тартулары Елбасының беделі мен әлемдік тануын дәлелдей түседі. Бұл кітаптар көшпелі көрме экспозицияларында ұсынылады.