Елбасы: Түркі халықтары 21 ғасырда ынтымақ жарастыруы қажет

АСТАНА. ҚазАқпарат - Түркі халықтары саясатта, экономикада, ғылым мен технологияда өзара ықпалдастық пен байланыстарды күшейте беруі тиіс. Бұл туралы бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған салтанатты жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті.

«Бүгінде тәуелсіз түркі мемлекеттері Түркия, Қазақстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Түркіменстан, Қырғызстан және дүниенің әр түпкіріне тарыдай шашылған жалпы саны 200 миллионнан асатын 30-дан астам түркі тілдес ұлттар мен ұлыстардың ұлы бабасы - Ер Түрік аталарымыз болған», - деп атап өтті Президент.

Осы орайда Елбасы түркі халықтары жаратылысында әрдайым бірге, береке-бірлікте болуы үшін жаратылғанын қадап айтты.

«Бабаларымыз да осыны бізге мирас еткен. Бірлік - біздің барлық жеңістеріміздің алтын қайнары, ел қорғағанда күш-қуат берер асқақ айбары. Осыны әрдайым жадымызда ұстауымыз керек. Жаһандану заманында тағдыр-талайымен бөлініп кеткен тілі, ділі, діні мен тегі бір түркі халықтары 21 ғасырда ынтымақ жарастыруы қажет. Сөйтіп,саясатта, экономикада, ғылым мен технологияда өзара ықпалдастық пен байланыстарды күшейте беруіміз керек. Ата тарихы бізді осыған шақырады», - деді Н. Назарбаев.