«Мен былтыр Шанхайда Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесте Азиядағы қауіпсіздік және даму ұйымын құруды ұсынған болатынмын. Жалпы, айналадағы геосаяси үдерістер біздер үшін жаңа мүмкіндіктер тудырып отыр. Еуразиялық экономикалық одақ пен Жібек жолы экономикалық белдеуі жобасының түйісуі Еуразия құрлығында экономикалық тұрақтылық пен өзара тиімді ынтымақтастықты қамтамасыз етеді. Бұл ретте біздің елдеріміз Қытай, Ресей, Таяу Шығыс, Кавказ, Орталық Азия өңірлерінің экономикалық коммуникация, жол тараптарын біріктіретін құрлықаралық транзиттік көпіріне айналмақ. Сондықтан да, бізге Каспий теңізінің транзиттік әлеуеті мен өткізу қабілетін арттыру қажет»,- деді Н. Назарбаев.
Сонымен қатар, Елбасы жоғары жылдамдыққа ие мультимоделді еуразиялық интеграциялық көлік дәлізін құрудың өзекті екенін де атап өтті. Президент бұл ретте «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көліктік дәлізінің осы кеңістіктегі басты транзиттік арнаға айналатынына сенім мол екенін жеткізді.
«Бұл Қазақстандағы «Нұрлы жол» бағдарламасының басым бағыттарының бірі. Көлік инфрақұрылымын жетілдіру бәрімізге ортақ игілікті сала. Бұл туризмді дамытуға да көп мүмкіндіктер береді. Осыған орай, Түркі кеңесін «Қазіргі заманғы Жібек жолы» атты бірлескен туристік өнімді қолдауға шақырамын. Оны ұйымға мүше мемлкеттер туризм стратегияларына енгізген жөн», - деді Н. Назарбаев.