Елбасы Үкімет пен әкімдіктерді тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы кемшіліктер үшін сын тезіне алды

АСТАНА. 27 қаңтар. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ -  Елбасы Үкімет пен әкімдіктерді тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы кемшіліктер үшін сын тезіне алды.

«Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында біз жылу беру маусымын проблемасыз өткізуге қол жеткізе алмай отырмыз. Жыл сайын Үкімет пен әкімдер маған жылу беру маусымына 100 пайыз дайындық жайында баяндайды. Ал, аяз түскенде Өскеменде, Көкшетауда, Семейде тағы да құбырлар жарылып, даулар пайда болады»,-деді Елбасы Үкімет отырысы барысында.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы халық тарапынан тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы бойынша ескертулер түсіп жатқанын жеткізді.
Осы орайда Президент мемлекеттік органдардың жауапкершілігі нақтыланбағанын айтты. «Кім бұған жауап береді? Кім оны өткізеді? Біздің бағдарлама бойынша пәтер иелері үйді басқару үдерісіне нақты қатысып, осы бағдарламадан нақты пайданы көруі тиіс еді»,-деп ескертті Н. Назарбаев.

Осыған байланысты қордаланған мәселелерді шешу үшін Президент Үкіметке тиісті тапсырма берді.