Елбасы ҰҚШҰ мемлекеттері бірлесе күресетін қатерлерге тоқталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресейдің «МИР 24» телеарнасына берген сұхбатында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының алдында тұрған қатерлерге тоқталды, деп хабарлады «ҚазАқпарат» ХАА.

Сұхбат барысында Елбасы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының бүгінгі қатерлерімен күрес мәселесіне назар аударған болатын.

«Бүгінгі таңда ең үлкен қатер - терроризм, бұл анық. Ал терроризммен кез-келген мемлекет жалғыз күресе алмайды. Сондықтан да біздің елдеріміз бен арнайы қызметтеріміз ҰҚШҰ аясында өзара ынтымақтасады. Осы арқылы қандай да болмасын жағымсыз әрекеттердің алдын алу бағытында өзара ақпарат алмасып, әшкерелеу мүмкіндігіне ие болып отырмыз», - деді Н. Назарбаев.

Сонымен бірге Президент екінші басты қатер ретінде миграцияны атады. Елбасының сөзіне қарағанда, Қазақстан арқылы 4 миллионға тарта мигрант-азаматтар басқа елдерге өтеді, ал еліміздің өз ішінде 600 мыңға тарта мигрант еңбек етеді. Сондықтан да, көшіп-қонушылармен жұмыс та бірлесе атқарылады.

«Үшінші, Ауғанстан, Қазақстан арқылы есірткі трафигі Ресейге, тіпті Еуропаға кетіп жатыр. Міне, осындай трафиктерді анықтау, есірткі тасымалданатын арналардың ізіне түсу үшін ҰҚШҰ арнайы оқу-жаттығулар өткізеді. Өйткені, біздің білуімізше, бүгінгі әлемде шамамен 250 миллион адам есірткі пайдаланады, әлемдік сарапшылар мәліметі бойынша шамамен 10 миллион адам есірткі салдарынан ажал құшып жатыр. Осындай нәубетті әсіресе жастардың арасына таратпау үшін бізге ұжым болып жұмылу қажет», - деді Елбасы.

Президент осы қатерлер аясында мемлекетті іштен ірітіп, сырттан әсер ететін деструктивті күштердің пиғылын да атады. «Бұл да қатер әрі ол да ұжымдық қауіпсіздіктің қаперінде болады. Біз осы бағытта ғана емес, басқа да шаралар аясында ынтымақтасамыз. Біріншіден, әскерилерді оқыту жүргізіліп жатыр. Ұжымдық шарт қауіпсіздігі аясында біз жеңілдіктер арқылы бір-бірімізді қару-жарақпен қамтамасыз ететін боламыз. Әрине, бұл бағытта қаруландыру өндірісінің ресейлік жүйесі басымдыққа ие», - деді Мемлекет басшысы.