Елбасы Ұлт көшбасшысы туралы заңға қол қойсын, қоймасын біз үшін көшбасшы болып қала береді - М.Айсина

АСТАНА. Маусымның 4-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Мемлекет басшысы Ұлт көшбасшысы туралы заңға қол қойсын, қоймасын біз үшін ол бейресми түрде көшбасшы болып қала береді».

Парламент Мәжілісінде өткен жалпы отырыстан соң Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Үндеуіне байланысты журналистермен сұхбаттасқан Мәжіліс депутаты Майра Айсина осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Менің бұл пікірімді өзгелер де қолдайды деген ойдамын. Нұрсұлтан Назарбаев қашанда біздің көшбасшымыз болған және болып та қала бермек. Бұл шын көңілмен айтылған сөз. Президент өзінің лидерлік қасиеттерін іспен дәлелдеген азамат. Бұны халықаралық сарапшылардың өздері қолдап отыр», деп атап көрсетті депутат өз сөзінде.

Сондай-ақ оның пайымдауынша, қалың көпшілік Президенттің көшбасшылығын мойындап отыр. «Ал оны заң түрінде енгізу мәселесіне келетін болсақ, бұл бәлкім соншалықты маңызды еместе болар. Мемлекет басшысының бұл заңға қол қоймауы оның мәртебесін биіктетпесе кеміте қойған жоқ», деді халық қалаулысы.