Елбасы Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасын қабылдады
19:05, 11 Наурыз 2009
АСТАНА. Наурыздың 11-і. ҚазАқпарат - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаевты қабылдады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Президентінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Талғат Мұсабаев Мемлекет басшысын агенттіктің бірқатар жобаларды жүзеге асыру жөніндегі жұмысы, атап айтқанда Ресеймен және Франциямен бірлесіп спутниктік жүйелерді құру, ғарыш аппараттарын құрастыру кешенінің құрылысы, «Байқоңыр» ғарыш айлағын дамыту және қазақстандық ғарышкерлердің ұшуын қамтамасыз ету мәселелері жөнінде хабардар етті.Агенттік басшысы сондай-ақ Ұлттық ғарыш қызметін дамытудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасын әзірлеу барысы туралы есеп берді.- Президент Қазақстанда әлеуетті ғарыш саласын қалыптастыруды қарастыратын тапсырмалар берді. Біз бұл саланы ел экономикасының толыққанды қатысушысына айналдыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтын боламыз, - деді Талғат Мұсабаев.