«Әлемдік тәжірибе көрсеткеніндей, қуатты мемлекет қалыптастырып, либералды дамыған қоғам құру үшін елдің 40-50 жылды қамтитын тұрақты алға жылжуы қажет. Біз де соған бара жатырмыз. Мен ұсынған шаралар Қазақстандағы қоғамдық қатынастар жүйесін түбегейлі өзгертеді. Осыны жүзеге асыру үшін мен ҚР Президенті жанындағы Ұлттық жаңғыру комиссиясын құруды ұсынамын», - деді Мемлекет басшысы.
Елбасының сөзіне қарағанда, аталған комиссияға қоғамдағы кәсіби азаматтарды тарту керек.
«Бұған шенеунікті де, министрлерді де, басқаларды да тықпалаудың қажеті шамалы. Мен бүгін ұсынғандардың әрбір бабын өмірге енгізуді қалайтын азаматтар қоғамда жеткілікті. Әрине, министрлер де, әкімдер де жаман деп отырған жоқпын. Дегенмен, қоғамнан өкілдердің көбірек болғаны жөн. Комиссияға қарасты 5 топ реформалардың кешенін түгел қамту үшін жұмыс жасайды, мен өзім тікелей қадағалап отырамын», - деді Н.Назарбаев.