«Осыдан 24 жыл бұрын, 1992 жылы 7 мамырда біз Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы шешім қабылдап, Мен Жарлыққа қол қойдым. Тәуелсіздік жарияладық, ол кезде біздің әскеріміз де, полициямыз да болмады. Міне осы 7 мамырды еліміздің мерекесі ретінде атап келеміз. Отан қорғаушы күні мен алдағы Ұлы Жеңіс күні баршамызға құтты болсын!» - деді өз құттықтауында Елбасы.
Осы ретте Мемлекет басшысы Қазақстан әскері бүгінде айбынды армияға айналғанын, заманауи техникамен жарақталғанын, оқу-жаттығулар жасауға барлық жағдайлар бар екендігін атап өтті.
«Баршаңызды бейбітшілікті бағалауға, татулық пен тұрақтылықты сақтап, нығайтуға үндеймін. Ұлы Даламыздың шебі бүтін, шекарасы берік болып, тыныштыққа бөлене берсін! Байрағымыз биікте желбіреп, даңқымыз арта берсін!» - деді Н. Назарбаев.
Биылғы мерекелік шаралар Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен «Мәңгілік ел» тұғыры - Қуатты әскер» тақырыбында өтуде. Бүгінгі концерттің негізгі идея желісі Отан үшін құрбан болғандарды еске алуға, ардагерлерге құрмет көрсетуге, Отанды қорғау парызының киелілігі, бейбітшілік пен келісімді сақтау маңыздылығына, еліміздің Тәуелсіздігін қорғауға негізделген.
Атап айтқанда концерттік бағдарламада ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери ансамблі мен эстрадалық-симфониялық оркестрі солистерінің, сондай-ақ еліміздің танымал әртістерінің орындауында патриоттық әндер мен жуынгерлер туралы музыкалық шығармалар орындалды.
Бағдарламаға С. Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық әскери мектебі тәрбиеленушілерінің орындауындағы «Алға нұрлы таңға» әні, Роза Рымбаева, Жәмила Серкебаева, Еділ Құсайынов, Виктор Хоменконың орындауындағы «Тағзым» әні және тағы басқа да нөмірлер кірді.