Бұл туралы "ҚазАқпарат" ХАА тілшісіне ҚР Парламенті Сенатының депутаты Жабал Ерғалиев айтты.
Сенатордың айтуынша, «Билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі» Үндеуде Үкімет пен Парламенттің мемлекетті басқарудағы рөлі мен жауапкершілігін күшейтуге үлкен мән беріліп отыр.
"Конституциялық өзгерістерде Парламент Палаталарының Үкімет мүшелерінің қызметін бақылау өкілеттігін күшейту арқылы және де Үкіметтің Палаталар алдында жауапты болады деп белгіленуі де еліміздің әлеуметтік-экономикалық, өзге де бағдарламалардың орындалу барысын қадағалап, істі тиянақтап отыруға да негіз болары сөзсіз. Сондай-ақ, өзгерістердің бір парасы сот жүйесі мен прокуратураның конституциялық негіздерін нақтылауды қамтитын болады. Бұл адам құқын қорғаудағы және заңдылықты қамтамасыз етудегі жаңа бір демократиялық қадам ретінде қарастырылып отыр", дейді сенатор өз сөзінде.
Сонымен қатар, сенатор қазақстандық қоғам бұл жолғы Үндеуді де, онда айтылған міндеттерді де зор қанағат сезіммен қабылдағанын айтуда.
"Тәуелсіздігіміздің ширек ғасырлық кезеңінде халқымыз саясатта сабырлы болуды үйренді. Елбасының ұстанымы негізінде елдің бірлігі мен ынтымағын бәрінен де жоғары қоюдың қаншалықты бағалы да құнды екендігіне көзіміз айқын жетіп отыр. Ендігі арада қоғамда жүргізілетін кез келген реформа, кез келген өзгерістер болсын, солардың бәрі де елдің бірлігі мен ынтымағын ұйыстыруды одан әрі тереңдетуді көздегенде ғана табысты боларына ешбір күмән-күдік болмауы керек. Бұған Елбасының өмірлік ұстанымы, жүргізіп келе жатқан саясаты мен реформалары айқын дәлел бола алады", деп сөзін одан əрі жалғастырды сенатор.
"Бұл сөзіміздің бір желісін бұрындары айтылған мына бір пікіріміздегі: «Елдің тыныштығы тәуелсіздігіміздің тұрақтылығының кепілі. Ел тыныштығы ең әуелі біздің өзіміздің алаңдамай өмір сүріп, алда тұрған міндеттерді жүзеге асыру арқылы мына дүбірлі дүние дүрмегінің шаңын қауып қалмас үшін керек. Ел болып қалу үшін, егемендікті ұстап тұру үшін керек! Бізге керегі де сол - ел мен егемендік! Қалғанының бәрі де өткінші! Назарбаев нені де болса елімен бірге көрді, елімен бірге төзді, елімен бірге жеңді! Біз тәуелсіз ел болғанымызды айдай әлемге батыл жариялағаннан кейін, сол енді айдай әлемге батыл үн қатып, батыл қадам да жасауымыз керек еді. Соны жасай білдік! Соны жасата білді Елбасымыз!» деген ойымызды қайта бір жаңғырта отырып, конституциялық реформалардың жобасын жалпыхалықтық талқылауға ұсыну жөніндегі шешім еліміздің демократиялық даму жолына тағы бір қадам басқанының айқын көрінісі деп нық айта аламыз»,-деп түйіндеді сенатор.