«Елбасы ұсынған Үндеудегі конституциялық реформаны тар ауқымда талқылауға болмайды. Президентінің билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері деп қана қарастырмау керек. Меніңше, мұны мемлекеттік биліктің бір орталықтан басқарылуын демократияландыру деп қарау қажет. Бұл тек Президентке қатысты емес, Президент бұл жерде үлгі көрсетіп отыр. Ол өзінің бірқатар өкілетін Парламентке, Үкіметке береді. Демек, енді Парламент пен Үкімет өкілеттіктерінің бір бөлігін министрліктер пен ведомстволарға, олар өз кезегінде шаруашылық етуші субъектіге, (өндірістер, университеттер) беруі тиіс. Бұл әр бөлімнің жауапкершілікті өзіне алуына әсер етеді. Яғни, парламентке сайлаудың жаңа тәртібі болады деген сөз. Өкілеттіліктерді бөліп беру партиялар арасындағы саяси күресті күшейтеді. Үкіметке салмақты өкілеттіліктер берілсе, Үкімет мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру ісіне бұрыннан да жауапты болады», - деді заң ғылымдарының докторы, ҚазҰУ профессоры Дәулет Байділдинов.
Семинарға қатысқан Конституциялық кеңестің мүшесі Аманжол Нұрмағамбетов заң саласының ғалымдары ұсынған ұсыныстар жұмыс комиссиясына берілетіндігін жеткізді.
«Жиналған ғалымдар ҚР Президентінің билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі Үндеуіне қатысты өз ой пікірлерін айтты. Оның ішінде, ҚР Конституциясына өзгерістер енгузуге қатысты ұсыныстар айтылды. Әсіресе, 26-бапқа қатысты мәселе қызу талқыланды. Осы талқыладағы ұсыныстар жұмыс комиссиясына беріледі. Олар қарап, қорытынды құжатты Президентке береді», - деді ҚР Конституциялық кеңесінің мүшесі, заң ғылымдарының докторы Аманжол Нұрмағамбетов.
Айта кетейік, бүгін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «Қазақстан Республикасы Президентінің билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі үндеуі» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік семинар өтіп, Қазақстанда конституциялық реформаларды дайындаудың, заңдық рәсімдеу мен жүзеге асырудың дүниетанымдық негіздері және мәдени-құнды бағыттары сынды тақырыптар бойынша баяндамалар тыңдалды.
Семинар жұмысына мемлекеттік органдардың, ҚР Конституциялық Кеңесінің өкілдерінің, Қазақстанның ірі заңгер-ғалымдарының, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.