Елбасы Үндеуінде қазақ жерінде 40 жыл бойы орын алған 490 ядролық жарылыстан 1,5 млн. астам адам зардап шеккенін атап өтті

None
амыздың 26-сы. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Бүгін Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-әрекеттер күніне арналған Халықаралық конференция барысында ҚР Сыртқы істер министрі - Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаев Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың алқалы жиынға қатысушыларға Үндеуін оқып берді.

Елбасы Үндеуінде «Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-әрекеттер күніне арналған конференцияға қатысушылар мен қонақтарға зор қошеметімді білдіремін. 1991 жылы тамыздың 29-ында Семей ядролық полигонын жабу туралы Президенттік Жарлыққа қол қойдым. Қазақстан қуаты жағынан әлемде төртінші болып табылатын ядролық әлеуеттен өз еркімен бас тартты. Бұл әлем тарихы бетінде ядролық сынақ полигонын жабу туралы халықтың ерік білдіруіне сәйкес бірінші рет жүзеге асырылған шара. Қазақстандықтар өз үлгісін паш етіп бүкіл әлемге қауіпсіз болашаққа апаратын жолды көрсетті», делінген.

Сондай-ақ, Елбасы Үндеуінде қазақ жерінде 40 жыл бойы орын алған 490 ядролық жарылыстан 1,5 млн. астам адам зардап шеккені, еліміздің ұлан-ғайыр аймағына орасан зор нұқсан келтірілгендігі атап өтілген.

«Халықаралық қауімдастық ортасында алғаш рет атап өтілгелі отырған халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-әрекеттер күні қарсаңында біз әлемді ядролық қатерден арылтуға бағытталған халықаралық кең ынтымақтастықтың тереңдей түсетініне сенім білдіреміз. Бұған бізді болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік міндеттейді. Барлық мемлекеттердің бірте-бірте ядросыз әлем мақсатына қарай жылжуы туралы жігерлілігі белгіленген Жалпыға бірдей ядросыз әлем декларациясын қазірден бастап пысықтауды бастау маңызды», делінген ҚР Президентінің Үндеуінде.