Елбасы Варшавадағы форумда шетелдік инвесторларды Қазақстандағы жекешелендіруге қатысуға шақырды

ВАРШАВА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Варшавада өткен Қазақстан-Польша бизнес-форумында шетелдік инвесторларды Қазақстанда жүргізіліп жатқан мемлекеттік нысандарды жекешелендірудің ауқымды науқанына қатысуға шақырды. Сонымен қатар, Елбасы шетелдік компанияларға мемлекетпен бірлесе атқарылатын жобаларға қатысуды ұсынды.

«Қазақстан экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің тәжірибесі бойынша мемлекеттің экономикаға қатысу үлесін 15% дейін қысқартуға мүдделі. Осы мақсатта біз жекешелендірудің ауқымды науқанын бастаған болатынбыз. Жеке секторға сату үшін экономиканың түрлі салаларынан 800-ге тарта кәсіпорын сатылымға шығарылды. Олардың арасында мұнай өңдеу, энергетика, инфрақұрылымдық нысандар секілді жобалар да бар», - деді бизнес-форумда сөз сөйлеген Елбасы Н. Назарбаев.

Президент сонымен қатар, тікелей жекешелендіруден бөлек, Қазақстанның мемлекеттік-жекешелік әріптестік қағидаты бойынша да ынтымақтастыққа дайын екенін мәлімдеді.

«Біз инвестициялық сала бойынша мемлекет пен бизнестің ұзақ мерзімді өзара әрекеттестігінің барлық аспектілерін кешенді реттеуді қамтамасыз ететін жаңа заң қабылдадық. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік қағидаттары бойынша Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, денсаулық сақтау, автокөлік жәні темір жол құрылыстары және тағы басқа да салаларда ауқымды жобалар жүзеге асатын болады. Осыған біз польша компанияларын белсенді қатысуға шақырамыз», - деді Президент Н. Назарбаев.

Еске сала кетейік, 22-23 тамызда ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Президент Анджей Дуданың шақыртуымен Польшаға мемлекеттік сапармен келген болатын. Екі елдің бизнес мәселелеріндегі ынтымақтастыққа арналған форумға 400-ден астам кәсіпкерлер қатысты.