Елбасы Жапония Парламентінде ТМД елдері президенттері арасынан тұңғыш болып сөз сөйледі
«Сіздердің елдеріңіздің заң шығару жиындарыңыз халық билігінің терең тарихи дәстүріне ие әрі елдің демократиялық табысты дамуына негізгі үлес қосып келеді. Бүгінде Жапония көшбасы орында, бұл елдің экономикасы әлемдегі үшінші экономика саналады», - деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Елбасы жапондықтардың «кайдзен» философиясы басқару және технологиялық биіктіктерді бағындыруға мүмкіндік беріп қана қоймай, жалпы адами құндылықтар қоржынына мығым еніп отырғанын атап өтті.
«Жапон халқының ойлау образы қазақтардың дүниетанымымен үндес келетіндігін атап өткім келеді. Бізді халықтарымыздың қиын тағдыры біріктіреді. Қазақстан мен Жапония жаппай қырып-жою қаруының қуатын бастан кешірген», - деді Қазақстан Президенті.
Осы орай Мемлекет басшысы Қазақстан тарапының халықаралық қауіпсіздікті нығайту саласында қабылдаған нақты шараларына тоқталып, ядролық қатерден азат әлем құруға бағытталған бірлескен күш-жігердің маңыздылығын атап өтті.
«Біздерге жаһандық антиядролық қозғалыс құру маңызды міндет көрінеді. Біз ұсынған «АТОМ» жобасы дәл осы мақсатты көздейді. Жапондық достарымызды осынау бастамаға қолдау көрсетуге шақырамыз. Қазақстанның бастамасы бойынша БҰҰ Бас Ассамблеясы 2015 жылдың 7 желтоқсанында ядролық қарудан азат әлем құру туралы жалпыға ортақ декларация жөніндегі қарар қабылдады», - деді Назарбаев.