Елбасы «Жас ұлан» республикалық мектебінің жаңа кешенінің ашылу салтанатына қатысты
Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы осындай бірегей арнайы оқу орнын құру туралы идеяның авторы болып тыбылады. Н. Назарбаев осыдан 12 жыл бұрын, яғни 1999 жылы Отан қорғаушылар тәрбиелейтін «Жас ұлан» мектебін ашқан еді. Енді, ұландар өз оқуларын жаңа ғимаратта жалғастыратын болады. «Осы жаңа ғимараттың сыныптары оқу үрдісіне өте қолайлы етіп салынған. Биыл біз мектебіміздің 12 жылдығын атап өттік. Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында бізге сый- құрмет көрсетілгені үшін қуаныштымыз», -деді аталған мектептің басшысы Марат Ботин. Оның сөзіне қарағанда, осы оқу орнында еліміздің барша өңірлерінен іріктелген жасөспірімдер білім алуда. Атап айтқанда, ұландар 7-11 сыныптар аралығында білім алады. Олар мектепті тәмамдағаннан кейін еліміздің және шет елдегі жоғары әскери оқу орындарында білімдерін жалғастырады. «Біз бүгінде осы мектептің 10-шы түлектерін ұшырдық. Ұландардың көбісі қазіргі кезде Қазақстан Қарулы Күштерінің сапында офицерлік қызметте жүр», - деді М. Ботин.
Айта кетейік, «Жас ұлан» мектебі жалпы орта білім беретін оқу орны болып табылады. Бұнда мемлекеттік және шет тілдер, әскери тәртіп пәндері тереңдетіліп оқытылады. Осы жаңа мектеп қамтып жатқан аумақ 24 мың шаршы метрді құрайды. 4 қабатты оқу орынында 51 сынып, 500 орындық жатақхана, кітапхана, оқу және мәжіліс залдары, спорт залы, 6 жолақты бассейн жасақталған.