Елбасы жастар еңбек биржасының бірыңғай веб-порталын құруды ұсынды
«Жастар саясатының вертикалін әрбір қала мен ауылға жеткізу керек. Ірі өндірістік ұжымдарда жастар комитетінің рөлін күшейте түскен ләзім. Бұндай жұмыстарды барлық ұлттық компанияларда жүзеге асыру керек», - деді Н. Назарбаев.
Сонымен қатар, Елбасы жастар кәсіпкерлігі мен оларды жұмыспен қамту шараларын қолдау мәселесіне ерекше назар аударды.
«Үкімет «Бизнес-2020» жол картасына өзгерістер енгізуі керек. Онда ісін жаңадан бастаған жас кәсіпкерлерге кредиттік және консалтингтік нысаналы көмек сегменті қарастырылуы қажет. Егер жас азамат өз бизнесінің келешегін нақты білетін болса, онда оған нақты қолдау да жасау керек», - дей келе Елбасы «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасына да өзгертулер енгізу қажеттігін алға тартты.
«Мен жастар еңбек биржасының бірыңғай веб-порталын құруды ұсынамын. Оның арқасында кез-келген қазақстандық «Дипломмен ауылға», Жастар практикасы, «Жасыл ел» секілді бағдарламаларға қатысу үшін электрондық өтініш беруі немесе елімізде қандай бос жұмыс орны бар екенін білуі қамтамасыз етілуі шарт», - деді Н. Назарбаев.