Елбасы жастар мәселесін ешқашан да назардан тыс қалдырмайды - жас маман пікірі

Ы. Қарашаның 13-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Елбасы жастар мәселесін ешқашан да назардан тыс қалдырмаған. Бүгінгі халықпен тікелей эфир арқылы жүздесуі барысында да Елбасы жастар мәселесіне тоқталып өтті.

         Бұл пікірді  Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың қызметкері Әйгерім Әлімжан айтты. Жас маманның айтуынша, Елбасының  мемлекеттік гранттардың мұғалімдерге берілуі керек деген сөзі көңілге қонымды.

          «Бүгінгі тікелей эфир барысында Елбасының мемлекеттік гранттардың мұғалімдерге берілуі керек деген сөзі көңіліме жақты. Өйткені, өзім Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология факультетінің түлегімін. Мұғалімдер ешқашан да елімізде жұмыссыз қалған емес. Оларға қоғамда сұраныс та артып отыр. Дегенмен, кейбір педагогикалық мамандықтарға тапсыратын талапкерлер азайып кеткені шындық. Мәселен тарих, педагогика сияқты салаларға өз еріктерімен оқуға түсетіндер аз. Шын мәнінде жастар білімді де білікті, бүгінгі заман талаптарына сай  шыңдалатын болса, жұмыссыз қалмайды деп ойлаймын. Ең болмағанда, өзінің жеке бизнесін ашып, жеке жобаларын жасайды», дейді Ә.Әлімжан.

         Оның айтуынша, Елбасының  еліміздегі университеттер жанынан ашылған зертханалар барлық зерттеушілер үшін қашанда ашық болуы тиіс деген пікірі Елбасының  жоғары білім беру ошақтарына көңіл аударып, үнемі назарда ұстайтынын көрсетеді.

         «Ел Президентінің бұндай саясаты жастардың білімге ұмтылып, ел экономикасының дамуына үлес қосуына, болашаққа үлкен үмітпен қадам басуына көмектеседі. Жастар да өз тарапынан Елбасының әрбір қадамын қолдауы тиіс», дейді Ә.Әлімжан.