"Жеті жыл бұрын "Дипломмен ауылға" бағдарламасына бастамашылық еткен болатынмын. Көбісі ауылдан қалаға қоныстана бастаған кезең болған еді, әрине, барша әлемде бұндай жағдай бар. Яғни үлкен қалалар қалыптасады, алып шаһарлар адамдарды қызықтырады, өзіне тартады. Алайда, жеріміз бай біздің жағдайда Қазақстан барша әлем үшін органикалық таза өнімнің өндірушісі бола алады. Жердегі тұрғындар саны артып келеді, қазір жеті миллиард, ал алдағы уақытта 9-10 миллиард адамға жетеді. Аграрлық кешенге, азық-түлікке қажеттелік 30-40 пайызға арта түседі. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы әрдайым сұранысқа ие болады", - деп тоқталды Елбасы Тәуелсіздік сарайында Республикалық жастар форумында.
Бұл тұрғыда Президент Қазақстандағы ауыл шаруашылығында ғылымды дамытып, қарқынды енгізген жағдайда осы бағыттың болашағы орасан зор екенін атап өтті.
"Сондықтан да "Дипломмен ауылға" бағытында менің ұраным бойынша 48 мың жас маман барды. Оларға көтерме ақы төленді. Жобаның 20 мыңға жуық қатысушысы несиелер алып, баспаналы болды және қазіргі кезде ауылда қызметін жалғастыруда", - деді Н. Назарбаев.
Ауылдық жерлерде халқымыздың ауқымды бөлігі тұрып жатқанына тоқталған Елбасы, осы орайда ауылдағы жастарға дұғай сәлем жолдап, жақсылық пен береке тіледі.