Елбасы жастарды отансүйгіштік пен ұлтшылдықтың ара жігін ажырата білуге шақырды

АСТАНА. 3 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы № 64 мектеп-лицейде елорда мектептерінің жоғары сынып оқушыларымен отансүйгіштік тақырыбында сабақ өткізген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев оларды отансүйгіштік пен ұлтшылдықтың ара жігін ажырата білуге шақырды.

«Патриот» сөзі - ұлы сөз. Егер адамзат тарихына қарайтын болсақ, осы тудың астында әртүрлі халықтар өз жерін қорғап, бірге өлді. Отансүйгіштік - бұл өз Отаныңа деген махаббат. Дегенмен отансүйгіштік пен ұлтшылдық арасындағы мембрана өте нәзік. Кейбіреулер егерде сен өз еліңді, өз халқыңды құрметтейтін болсаң, онда басқаларға еш уақытта құрмет көрсетпеуің керек, деп санайды. Бұл теріс ұғым, міне осыны қаперде ұстау керек», - деді Елбасы.

Мемлекет басшысының атап өтуінше, немістер Ұлы отан соғысында «Германия тек немістер үшін» және олардың нәсілдері арийлік, ал басқалары осы ұлттың құлы болуы керек деген ұранмен шықты. Дәл осы жайт Германияның өзін орға жықты.

«Сол елдің өзінде 9 млн. адам, бүкіл әлем бойынша 56 млн., ал бәріміз өмір сүрген Кеңес одағында 26 млн. адам қаза тапты. «Соның бәрі не үшін?» деген сауал туындайды», - деп атап өткен Елбасы осы орайда жастарды өз отанын, халқын, ұлтын сүюге шақырды.