Елбасы жеке стилисінің жоқ екенін айтты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар қазақстандық БАҚ өкілдерімен сұхбаты барысында жеке стилисінің жоқ екенін, қалыптасқан тәрбие бойынша, өзі таңдап, өзі жасайтынын айтты.

«Жақында Тұңғыш Президент күнінде менің киіміме, жеке стиліме қатысты бәзбіреулер интернетте талқыға салыпты. Костюм мен галстукты кім таңдап береді екен деп әңгіме өрбіткен. Ешкім таңдамайды. Стилист те, костюмер де жоқ. Кейбір президенттер өздерімен бірге олардың барлығын алып жүреді», - деді Елбасы.

Сөз барысында, Мемлекет Басшысы өзін «қарапайым қара жұмысшылардың қатарынан» екендігін де еске салды. «Мен шаруа отбасыда, ең қарапайым жерден шықтым. Мен өзім қара күрек, шойын сүймен мен қайла ұстаған металлург болғанымды білесіздер. Мені тәрбиелеген осы. Барлығын өзім жасаймын», - деп атап өтті Н.Назарбаев.

Сондай-ақ, Елбасы соңғы уақытта сурет салып жүргенін айтты.

«Биыл мен жазда бір апта демалдым. Бірде қарап отырсам, балалар сурет салып жатыр екен. Сосын сурет салып көрейінші деп ойладым. Бұрын мектеп кезінде сурет салатынмын. Сөйтіп, бірде Сарыағашқа барғанда, сол жердің пейзажын салдым. Бір полотноны салып шығуға 3-4 сағат кетті», - деді Н.Назарбаев. Осыдан кейін Президент журналистермен бірге «Песня о тревожной молодости» атты комсомолдар әні мен қазақтың халық әні «Бір баланы» шырқады.