Елбасы «Жібек жолы» бастамасының 5 жылдығына орай Қытаймен телекөпір өткізуді ұсынды

БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - «Жібек жолы» экономикалық белдеуі бастамасының 5 жылдығын телекөпір арқылы өзара форуммен атап өткен жөн.  Қытайға мемлекеттік сапармен келген Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев  ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен кеңейтілген құрамдағы келіссөз барысында осындай ұсыныс жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінде Қытай Қазақстанның ірі сыртқы сауда серіктесі саналады. Өткен жылы өзара тауар айналымының көлемі 11 млрд долларға жуықтады. Дегенмен, қытайлық статистикаға сәйкес - 18 млрд доллар. Қалай десек те, кез келген сан жақсы. Себебі бұл 30 пайыздан астамға өсімді құрайды», - деп атап өтті Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Қытай ынтымақтастығын дамыту үшін мұнан ары да әлеуеттің жеткілікті екенін баса айтты.

«Бірінші тоқсанның өзінде ғана тауар айналымы 2,5 млрд долларды құрап, өсім 16 пайызға жетті. Қытайдың ЕАЭО-мен қол қойған келісімі мұнан да үлкен мүмкіншілік береді. Біздің табысты ынтымақтастығымыз Сіз 2013 жылдың 7 қыркүйегінде Астанадағы біздің халықаралық университетіміздің қабырғасында алғаш рет жария еткен «Жібек жолы» экономикалық белдеуін құру бастамаңызды жүзеге асыру аясында одан ары нығая түсті. Ағымдағы жылы оған 5 жыл өтеді. Осыған байланысты бұл датаны телекөпір арқылы өзара форуммен атап өткен жөн сияқты», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Айта кетейік, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қытайға мемлекеттік сапары аясында 10 маусым күні Циндао қаласында өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының кеңесіне қатысады деп күтілуде.