Елбасы Жолдауы еңбек адамының жағдайын шешуге бағытталған - Бақытжан Әбдрайым

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауы еңбек адамының жағдайын шешуге бағытталған. Мұндай пікірді бүгін аталған Жолдауды талқылауға арналған жиында ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайым білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елбасы Жолдауы еңбек адамына, оның мүддесін, ойын, жағдайын шешуге, көтеруге арналған. Бір ғана мысал келтірейін. Ең төменгі жалақыны 1,5 есе көтеру дегенді қалай түсуге болады?. 1,3 миллион адам ең төмен жалақы алады және олардың барлығы төменгі деңгейде қызмет етеді. Мәселен, ауруханадағы санитардың, осы жердің еден жуатын қызметкердің, архивариустың, курьердің жалақысы тым төмен. Егер бір отбасында 3 адам деп алатын болсақ, онда төменгі жалақының 1,5 есеге артуы 4 миллионға жуық адамға тікелей қатысты. Жалпы адамның әлеуметтік жағдайы мен беделі жалқысына байланысты. Жалақысы жоғары болса, онда өзін жақсы сезінеді, шығындарын өтей алады», - деді Бақытжан Әбдірайым.

Сонымен қатар ол ең төменгі жалақы өскенімен оны алатын адамдардың төлейтін салықтары не бәрі 1 пайыз болып қала беретіндігін баса айтты.

«Айталық, 42 мың теңге алатын болса, онда 1 пайыз яғни 420 теңге ғана салық төлейді. Дегенмен, 20 пайыз салық төлейтін азаматтармен бірдей әлеуметтік қолдау сынды бүкіл жүйеге қатысады. Міне қарапайым еңбек адамына осындай ауқымды қолдау жасалып отыр», - деді ол.

Осы ретте Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Елбасының ең төменгі жалақыны көтеру бастамасына жекеменшік кәсіпорындар да қолдау білдіретіндігіне сенімді екенін айтты.

«Бізде олардың алдына осындай мәселе қоямыз. «Мемлекет тарапынан ең төменгі жалақы көтерілді, Сіздер одан да жоғары көтеріңіздер» деп мекеме басшыларының, қожайындарының алдына мәселе қоя бастаймыз және оны талап та етеміз», - деді федерация басшысы.