Елбасы Жолдауы кәсіподақтар тарапынан қолдау тапты

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысы мен Шымкент қаласының кәсіподақ ұйымдарының мүшелері Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауының басымдықты бағыттарын талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістан облысы кәсіподақтарының төрағасы Берік Бекжанов Жолдаудың маңызды тұстарына тоқталып, әлемнің дамыған 30 мемлекетінің қатарына ену жолындағы міндеттер жүктелгенін атап өтті.

«Жолдауда еңбек адамының мүддесі қорғалып, жұмысшылардың тұрмыс деңгейін жақсарту негізге алынған. Ең төменгі жалақы көлемінің ұлғаюы, бюджеттік мекеме қызметкерлерінің жалақысының өсуі жұртшылықты қуантып жатыр. Кәсіподақтар да Президентіміздің бастамалары мен идеяларын қолдайды және Жолдаудағы міндеттерді орындауға үлес қосады», - деді Берік Бекжанов.

Басқосуда сонымен қатар облыстық кәсіподақтар төрағасының орынбасары Серік Әуесханов баяндама жасап, сала ардагерлері өз ойларын ортаға салды.

Жиын қорытындысымен алдағы уақытта Жолдаудағы басымдықты бағыттар әрбір бастауыш кәсіподақ ұйымдарында, кәсіпорындар мен еңбек ұжымдарында насихатталады. Оны жүзеге асыру бағытындағы жұмыстар да қолға алынатын болып келісілді.