Елбасы Жолдауы жаңа белеске шығу жолын айқындады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауы өзіндік ерекшеліктерге толы болды. Бұл пікірді Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті «Қазақстан тарихы» кафедрасының меңгерушісі Айнагүл Қайыпбаева білдірді.

«Олай дейтініміз, Елбасының алысты болжайтын қырағылығымен бүкіл әлем ғаламдық қатерлердің дауылына бетпе-бет келіп тұрған бүгінгі таңда тығырықтан шығудың түрлі жолдарын қарастырып, еліміздің салиқалы тәуекелдерге дайын болуы, қазіргі әлемдік саяси және геосаяси жағдай ушығып тұрған шақта әрбір қазақстандықтың көкейіндегі алаңдаушылықтың алдын алу- заңды құбылыс. Бүкіл әлем жұртшылығы экономикалық және саяси қиындықтардан шығудың тетіктерін қарастыруда. Дағдарыс салқыны біздің елімізді де айналып өтпейтіндігі айқын»,- деді ол.

Оның атап өтуінше, жұртшылықты толғандырған сұрақтарға жан-жақты жауап беріліп, оны қалай тойтарудың бағыты тиянақты қарастырылып, Елбасы ұсынысымен таяу жылдардағы жаһандық сынақтарды еңсерудің 5 нақты бағыты айқындалды. Іс-шаралар жоспары, оны жүзеге асыру барысындағы жұмсалатын қаржы көздерінің көрсетілуі халықтың рухын көтеріп, сенімін тұрақтандырды. «Тәуелсіздік шежіресін парақтасақ, күйреген кеңестік империяның орнына жаңа мемлекет құру біздің елімізге оңайға түскен жоқ. Тұралап қалған экономиканы қайта қалпына келтіру, оны жаңаша даму жолына түсіру - тақыр жерден тау тұрғызумен пара-пар еді», - деді А.Қайыпбаева.

Ол өз сөзінде Жолдауда әлеуметтік салалардың қамтылғанын, әсіресе Қазақстан жұртшылығын жұмыспен қамту мәселесі назардан тыс қалмай, ерекше маңыз берілгенін баса айтты. Өйткені, әрбір мемлекеттің экономикасы мен күш-қуаты халықтың жұмыспен қамтылу деңгейіне, еңбекақының лайықтығына және тағы да басқа факторларға тікелей байланысты екенін атап өтті. Осы орайда, Елбасы Үкіметке жаңадан "Жұмыспен қамтудың" жол картасын әзірлеуді ұсынған айта келе бұл мәселенің Үкіметке тапсырылып, нақтылануы көңілге медеу ұялатқанын айрықша атады.

Осыларды да Жолдаудың ерекше ұтымды қыры деп санаймыз. Ел игілігі үшін "Ұлттық қордың" құрылуы да осындай дағдарыстың алдын алудың айқын дәлелі болды емес пе? Көңілімізге ерекше әсер еткені 2017 жылдан бастап елімізде жалпыға бірдей тегін кәсіптік білім беру ісінің қолға алынатындығы. Бұл еліміз үшін бір жаңа белес деп ойлаймыз. Бұл дегеніміз еліміздің жастары үшін де болашақта тығырықтан шығар жол тауып кетуіне ықпал ететін, ал еліміз үшін жаңа мүмкіндіктерді ашатын жағымды шара деп түсінеміз. Сонымен қатар, Жолдауда баяндалғандай білім беру саласына қолдау беріліп, ендігі жылдың 1 қаңтарынан бастап шәкіртақы орташа алғанда 30 пайызға дейін, білім саласында қызмет атқаратын ұстаздардың жалақысы 29 пайызға өсетіндігі де жүрекке жылу ұялататын қуанарлық жағдай»,- деді кафедра меңгерушісі.

Сондай-ақ, ол Елбасының Жолдау барысында айтқан үнемшілдік жөніндегі ұсынымдары да өте орынды деп санайтындығын білдірді.

«Қалталы азаматтардың шетелге алып кеткен ақшаларының қайтарылатын мезгілі жеткендігін түсінетін түйсікке жеткізіп айтқандығы да өте орынды деп санаймыз. Халық даналығында «тыққаның жоғалады, бергенің оралады» деген сөз бар. Осыны ескеріп, сыртқа қаржысын асырушылар райынан қайтып, еліміздің өндірістік дамуына, әлеуметтік-экономикалық жағдайының өсуіне қолдау беретін, өзіне де еліне де пайдасын тигізетін қалталы азаматтар қатары көбейеді деп үміттенеміз. Осыны бүгінгі жастар дұрыс түсінеді және келешектегі өзіндік ойларын осы бағытта жүзеге асырады деп ойлаймыз. Бірлігі бекем, дамуы алға арындаған Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ұжымы Елбасы ұсынған нұрлы болашақ жолында абыройлы міндеттерді жұмыла көтереріне, мақсатымызға жетуге өз үлестерін қосатындығына кәміл сенеміз»,- деп түйіндеді ойын А.Қайыпбаева.