Елбасы Жолдауын насихаттау мен жүзеге асыруға «нұротандықтар» атсалысатын болады - БҚО
Бұл туралы 29 қаңтар күні өткен «Нұр Отан» ХДП БҚО филиалы саяси кеңесі бюросының отырысында айтылды.
Облыс әкімі, «Нұр Отан» ХДП БҚО филиалының төрағасы Нұрлан Ноғаевтың атап өткеніндей, партияның әр мүшесі бұл жұмысқа белсене араласуы тиіс. Елбасы, партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырғанындай, партия билік пен халықтың арасын жақындастыра түсуі керек. Түрлі деңгейдегі мәслихат депутаттарымен бірлесе отырып, барлық жұмыс халықтың тұрмысын, әл-ауқатын көтеруге бағытталуы қажет.
Жиында насихат жұмыстарымен аудан орталықтары ғана емес, шалғайдағы елді мекендер тұрғындары да қамтылуы тиіс екендігі айтылды. Түрлі оқу орындарында білім алатын, сондай-ақ ауыл жастары ұмыт қалмауы керек. Саяси кеңес бюросының мүшелері Жолдауды жүзеге асыруға байланысты нақты ұсыныс-тілектерін жеткізді.
Әр салаға жетекшілер, алда атқарылуы тиісті іс-шаралар жоспары бекітілді.