Елбасы Жолдауын жүзеге асыруға әрбір қазақстандық өз үлесін қосуы тиіс - С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ студенті

АСТАНА. 2 ақпан. ҚазАқпарат - Патенттік немесе авторлық құқықты қорғау және оның құқықтық қорғалуына кепілдік бере алатындай жағдайға жетсек, индустриялық-инновациялық жаңалықтарды ашатын азаматтар көбейеді.

Бұл пікірін бүгін Елбасының Жолдауын талқылауға арналған шара барысында С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің 3-інші курс студенті Айтуған Ноғайбаева білдірді.

«Елбасымыздың биылғы Жолдауында әлеуметтік жаңғыртуға және жаһандану заманында елді дамытуға қатысты негізгі тетіктер мен ойлар алға тартылды. Олардың арасында Қазақстандағы индустриялық-инновациялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері бар. Қазір зияткерлік меншік қауіпсіздігі мәселесі көптеп көтерілуде. Бұл инновациялық жобалардың көбеюіне ықпал етеді деп сенемін. Патенттік немесе авторлық құқықты қорғап, оның құқықтық қорғалуына кепілдік бере алатындай жағдайға жетсек, индустриялық-инновациялық жаңалықтарды ашатын азаматтар көбейеді. Қазақстан әлемге өз өнімімен, өз инновацияларымен танылар еді», - дейді ол.

Студенттің пікірінше, адами капитал мемлекеттің даму деңгейін көрсететін - айна. «Қазақстанда білім саласы әлемдік деңгейдің бел ортасында жүр. Сондықтан білім саласын жетілдіруге күш салуымыз қажет. Ол үшін саланы жемқорлықтан тазартуымыз керек. Бұл өзекті мәселе. Салада орын алып отырған олқылықтардың себебінің бірі осы. Заңдарға өзгерістер енгізіп, Жолдауда көрсетілген реформаларға кірісу керек. Жолдауда көрсетілген зияткерлік мектептер, Назарбаев Университеті сияқты білім ошақтарын көбейтсек, елдегі білім саласының деңгейі жоғарылайды. Білім беруді күшейту кадрлардың сапасына тікелей ықпал етеді», - дейді болашақ маман.

«Менің ойымша, Елбасы Жолдауындағы басым бағыттарды жүзеге асырумен билік органдары ғана айналыспауы тиіс. Нақты нәтижелерге қол жеткізілу үшін оған әрбір қазақстандық өз үлесін қосуы тиіс», - деп түйіндеді ойын А.Ноғайбаева.