Елбасы Жолдауын жүзеге асыруға бөлінген қаржының тиімді кәдеге жарауын қатаң бақылауға алу қажет

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елбасы Жолдауын жүзеге асыруға бөлінген қаржының тиімді кәдеге жарауын қатаң бақылауға алу қажет. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі комиссияның отырысында ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова айтты.

Жиында Мемлекеттік хатшы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда азаматтық қоғамның әлеуетін тиімді пайдалану қажеттігін баса атап өтті.

«Елбасы «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» атты Жолдауын жария етті. Жолдауда ауқымды көліктік, логистикалық, инудстриялық, әлеуметтік инфрақұрылымдары дамытуды, шағын және орта бизнесті қолдауды қамтитын ауқымды шаралар көзделген. Толықтай алғанда, аталған бағдарламаны жүзеге асыру үшін 2015-2017 жылдары жыл сайын шамамен 3 млрд. доллар бөлінетін болады. Осыған орай, атаған қаржыны тиімді пайдалану, ағымдағы мемлекеттік, сонымен қатар жаңа бағдарламалар аясында жемқорлық әрекеттерге жол бермеу қажет»,- деді Г.Әбдіқалықова.

Отырыста экономиканың аграрлық секторында, сонымен қатар еліміздің салық органдарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша қабылданып жатқан шаралардың тиімділігі мәселелері қаралды. Комиссия мүшелері Ауыл шаруашылығы министрі А.Мамытбековтің, Қаржы министрі Б.Сұлтановтың, Бас прокурор А.Дауылбаевтың, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Қ.Қожамжаровтың, Республикалық бюджеттің орындалуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы Қ.Жаңбыршиннің баяндамаларын тыңдады.

Талқылау қорытындысында еліміздің аграрлық секторында және салық жүйесінде сыбайлас жемқорлықтың орын алуына жол ашатын себептер мен жағайларды жоюға бағытталған ұсыныстар белгіленді.