Елбасы Жолдауын зор қанағаттанған сезіммен тыңдап шықтым - Дәурен Шәуетаев

ҚЫЗЫЛОРДА. 27 қаңтар. ҚазАқпарат /Жаңагүл Сердалы/ - Қызылордалық белгілі спортшы, ауыр атлет, XVI Азия ойындарының қола жүлдегері Дәурен Шәуетаев өзінің мыңдаған жерлестері сияқты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа Жолдауын отбасымен бірге тыңдады.

- Мамандарды аттестациядан өткізген, ал университет бітіргендерге өз білімін дәлелдеуді жүктеген өте дұрыс шешім, - дейді штангашы жігіт. - Бұл, сөз жоқ, мамандардың кәсіби біліктілігін арттырады, оқу орнында оқып жүргендер болса, уақыттарын босқа өткізбейді. Мұның өзі, айналып келгенде, барлық саладағы кәсібилікті, қызмет көрсету сапасын арттырады.

Спорт шебері Дәурен Шәуетаев - өзінің мүмкіндігі жеткенінше, спорт әлемінде Қызылорданың ғана емес, күллі қазақстанның атағын шығарған атпал азамат. Ауыр атлетикамен айналыса жүріп ауыр жарақат алып қалуына байланысты 25 жасар жігіт спортпен ерте қоштасты. Әйткенмен, саладан кеткен жоқ. Ол бүгінде облыстық денешынықтыру және спорт басқармасында инспектор болып қызмет істейді. Осы қызметінде спортқа жұрттың мейлінше көбірек келуіне күш салып жүр. Бұл үшін өзінің де өте жақсы маман болуы керектігін де ол жақсы түсінеді.

-Жалпы, қай салада нағыз кәсіпқой адам жұмыс істеуі керек, - деп есептейді ол. - Ол әрдайым өзінің осындай маман екенін ісімен дәлелдеп көрсете алатын болуы тиіс. Сол себепті аттестация сынақтарының жауапты да маңызды болғаны жөн.

Белгілі спортшының анасы Жанар Шәуетаева жалдық үйдің аумағы 1 млн. шаршы метрге дейін ұлғаятынына қуанышты.

- Президент бұдан басқа көптеген салалар бойынша өзінің ойлары мен тапсырмаларын беріп өтті, - дейді ол. - Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес еңбекпен қамту бағдарламасын жүзеге асыру аясында 2020 жылға дейін 1,5 миллион адамның жұмыс алатыны да қуандырады. Тұтастай алғанда, Жолдау қоғамды әлеуметтік жағынан жаңартуға, ауылдың проблемасына арналды. Ол сонымен қатар медициналық технология, денсаулық сақтаудың инфрақұрылымы, ана мен бала өлімін азайту, тууды тұрақтандыру мәселелерін қозғады. Бұл біздің еліміздің келешегінің кемел екенін көрсетеді.