Елбасы Жолдауына сәйкес халықты жұмыспен қамтуға және кадрларды қайта даярлауға бөлінетін 140 млрд. теңге заңмен бекітіледі

АСТАНА. Сәуірдің 23-і. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Кеше Мәжілістің жалпы отырысында еліміздің кейбір заңнамалық актілеріне жұмыспен қамту және міндетті әлеуметтік сақтандыру мәселелері бойынша толықтырулар енгізуді көздейтін заң жобасы мақұлданып, Сенаттың қарауына жіберілді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.Заң жобасы Мемлекет басшысының ағымдағы жылғы «Дағдарыс арқылы жаңаруға және дамуға» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру мақсатында дайындалған. Заң жобасында Еңбек кодексіне, «Халықты жұмыспен қамту туралы» және «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» заңдарға толықтырулар енгізу ұсынылады. Заң жобасындағы түзетулер жұмыспен қамту және міндетті әлеуметтік сақтандыру саласындағы жүйені жетілдіруге бағытталған құқықтық, экономикалық және ұйымдық сипаттағы шаралар кешенін әзірлеуді көздейді. Заң жобасы халықтың өнімді жұмыспен қамтылуын дамытуға, жұмыссыздық деңгейін азайту үшін жағдай жасауға, жұмыссыздарды және жұмыс уақытының толық емес режімінде жұмыс істейтін қызметкерлерді әлеуметтік қолдауға, сондай-ақ 2009-2010 жылдар кезеңінде жұмысынан айырылған азаматтардың әлеуметтік қорғалуын арттыру үшін қажетті жағдай жасауға бағытталған. Мемлекет басшысының Жолдауында өңірлік жұмыспен қамтуды және кадрларды қайта даярлауды қамтамасыз ету үшін кемінде 140 млрд. теңге қаражат бөлу көзделген. Бұл қаржының қандай бағдарламалар бойынша бөлінетіні жөнінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімет берді. Атап айтқанда, 117 млрд. теңге «Өңірлік жұмыспен қамту және кадрларды қайта даярлау стратегиясын жүзеге асыру аясында халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету» бағдарламасы бойынша бөлінетіні белгіленіп отыр. 8 млрд. 600 млн. теңге «Облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне әлеуметтік жұмыс орындары бағдарламасы мен жастар тәрбиесін кеңейтуге бөлінетін ағымдағы нысаналы трансферттер» бағдарламасы бойынша бөлінеді. Ал 14 млрд. 400 млн. теңге «Облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне кадрларды даярлау мен қайта даярлауға бөлінетін ағымдағы нысаналы трансферттер» бағдарламасы негізінде қарастырылатыны айқындалған.