Бүгін Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде 2011 жылғы 28 қаңтардағы ҚР Президентінің Қазақстан халқына жолдауын түсіндіруге арналған жиын барысында Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов осылай мәлім етті.
Жиынды ашып сөз сөйлеген Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов ең алдымен Елбасының ағымдағы Жолдауында келтірілген бірқатар көрсеткіштерге тоқталып өтті. «Жолдауда межеленгендей алдағы 10 жыл ішінде ЖІӨ өсімі кем дегенде 30 пайызды құрауы тиіс. Сонымен қатар, экономиканың шикізаттық емес секторы саласындағы инвестиция ауқымы 30 пайызға көбейеді. Дамудың маңызды көрсеткіші шағын және орта бизнестің жалпы өнімдегі үлесі болып табылады және ол 40 пайызға дейін артады. Халқымыздың саны 2020 жылға дейін 18 млн.-ға жетсе, оның 40 пайызы білікті мамандар болуы тиіс», - деді Б. Жұмағұлов. Сонымен қатар, министр жолдауда алға қойылған міндеттердің барлығы егжей-тегжейлі есептелгенін айтып, ондағы әр тапсырманың нақты орындалатынына назар аудартты.
«Биылғы жолдауда да басты мақсат халықтың әл ауқатын жақсарту екендігі атап көрсетілді. Бұл ретте білім саласына да үлкен басымдық беріліп отыр. Өткен жылдың желтоқсанында Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданғаны белгілі. Ал бүгінге дейін атқарылған істерге көз жүгіртсек, құрылымдық реформа аяқталып қалғанын байқаймыз. Білім берудің барлық деңгейлерінде халықаралық стандарты жүйесіне сәйкес келтірілуде. Оның үстіне саланы қаржыландыру көлемі бірнеше жылдар бойы артып отыр. Былтыр білім саласын қаржыландырудың көрсеткіші жалпы ішкі өнімнің 4,1 пайызына жетті», - деді министр.