Елбасы Жолдауында экономиканың әр саласының даму жолы нақты айқындалған - Алматыдағы кездесу

/strong>Ақпанның 12-сі. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін Алматыда Қазақтың Абылай хан атындағы Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде «Болашақ» қауымдастығының түлектері «Казкоммерцбанк» АҚ-ның Басқарушы директоры Мағжан Әуезовпен және «Қазақстан Халық банкі» АҚ-ның Басқарма төрағасының орынбасары Дәурен Қарабаевпен кездесті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Кездесу барысында «Жаңа онжылдық - жаңа экономикалық өрлеу - Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Елбасының Қазақстан халқына Жолдауы талқыланып, қаржы секторындағы бүгінгі жағдай сараланды. Сонымен қатар, «Болашақ» бағдарламасының бүгіні мен ертеңі пайымдалды.

«Қазақстан Халық банкі» АҚ-ның Басқарма төрағасының орынбасары Дәурен Қарабаев Жолдаудың негізгі басымдылықтарына тоқтала отырып, ел экономикасың даму жолына шолу жасай келе, «Еліміздің банк жүйесі әр түрлі кезеңнен өтті. Бір кездері банктердің көбейіп кеткенін білесіздер. Бүгінде банктер сандық түрден, сапалы түрде өсуге көшуде. Жүйе өзінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруда», деп атап өтті.

«Қаржы секторы үшін Елбасы Жолдауының үлкен маңызы бар. Жолдауда экономиканың әр саласының даму жолы нақты айқындалған. Мемлекет жұмыс орындарын сақтауға және жаңа жұмыс орнын құруға ат салып, барлық мүмкіндіктерді жасауда. Әсіресе, аймақтар мен ауылды жерлерде жұмыс орнын сақтап қалуға мән беріп отыр. Бұл туралы Жолдауда да айтылып, маңыздылығына мән берілді», деді «Казкоммерцбанк» АҚ-ның Басқарушы директоры Мағжан Әуезов. Ол сонымен қатар, банк секторы ірі мемлекеттік емес жұмыс беруші болып саналатынын айта келіп, еңбек нарығында жоғары бәсекелестік бар және бұл алдағы жылдары сақталады деп мәлім етті.

«Сіздер жыл сайын, елімізге қайта оралып жатқан болашақ түлектерімен де бәсекелес боласыздар. Дегенмен, жұмыс істеймін деген жігері бар әр түлекке жұмыс орны табылады. Елімізде дағдарысқа қарамастан әр түрлі компаниялар ашылып жатыр», деді М.Әуезов.

Сондай-ақ кездесу қатысушылары студенттердің сұрақтарына жауап беріп, кеңестер айтты.