Елбасы Жолдауында ішкі туризм мәселесін көтерді, ол біз үшін маңызды - Марат Иғали

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысы үшін Мемлекет басшысының Жолдауында ішкі туризмді дамытуға зор көңіл бөліп отырғандығы қуантады. Бұл пікірін аймақ басшысының орынбасары Марат Иғали білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысы өз Жолдауында «Қазақстандықтардың әл-ауқатын көтеру: табыс пен өмір сапасын арттыру» бастамасын дер кезінде қолға алып отыр. Елбасы бүгінгі күннің мәселелерін зерттей келе, дұрыс шешім қабылдау арқылы өзінің нағыз стратег екенін көрсетті», дейді М.Иғали.

Сонымен қатар, Ақмола облысы әкімінің орынбасарының айтуынша, Мемлекет басшысы елімізде ішкі туризмді дамытуға көңіл бөлінуі туристік өңір үшін маңызды болып отыр.

«Ішкі туризмді дамытуға көңіл бөлуі қуантады. Бұл іргесінде ірі мегаполис Астана орналасқан Ақмола облысы үшін маңызды. Сондықтан, біз елорданың іргесі мен Бурабай курорты аумағында адамдардың демалуына жағдай жасау үшін күш салатын боламыз», - толықтырды М.Иғали.

Оның сөзіне қарағанда, бүгінгі таңда өңірде қазіргі замаңғы туризм тұжырымдамасы жүзеге асырыла бастады. Бұл бағытта биылғы жылы Бурабай курортында біраз шаруа тыңдырылды. Жақында жаңа мешіт ашылды, алдағы уақытта Променад салу жоспарда бар.

«Бұл жолғы Жолдау біздерге бағыт-бағдар беріп, діттеген мақсатқа жету үшін алға қарай қадам басуға серпін беретін болады. Мемлекет басшысы ішкі туризм жаңа серпіліс береді деп есептейді. Бұл әрине, өте дұрыс. Жақында Қазақтуризм мен ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Қазақстанның сұлу табиғаты туралы бейнеролик әзірленіп, оны көрген адамдар жақсы қабылдады. Маған бұл ролик 500 рет жолданды және көбі Қазақстанда осындай жерлер барына таң қалды. Бізде әрине, ішкі туризмді дамытуға әлеуетіміз жоғары. Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында бүгінгі күннің мәселелерін ашып көрсетіп, оны шешудің негізгі басымдықтарын атады», деп қорытындылады М.Иғали.