«Елбасы жолы» фильмі сәтті шыққан - Мәжіліс депутаты Қ. Сұлтанов

АСТАНА. 3 желтоқсан. ҚазАқпарат - ҚР Тұңғыш Президенті күні «Қазақстан» Орталық концерт залында «Елбасы жолы» киноэпопеясының екінші, үшінші тарауларының таныстырылымы өтті.

Фильмнің тұсаукесер рәсіміне халық көп жиналды. Араларында Үкімет мүшелері Мәжіліс және Сенат депутаттары, белгілі ақын-жазушылар болды, деп жазады "Егемен Қазақстан " газеті.

Фильмді үш сағат жуық тамашалаған көрермен қауымның көркем шығармадан үлкен әсер алғаны, тек Елбасының өмірбаянымен ғана емес, ХХ ғасырдың тарихи кезеңдерімен тереңірек танысқаны анық.

- Елбасымыз туралы көркем фильм өте сәтті шығыпты. Көріп риза болып қалдым», дейді Парламент Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов. - Расын айтқанда, көркем дүние дегенмен, мен өз басым бұл фильмді тарихи кино деген болар едім. Өйткені, сол кездегі өмір шындығы, тарих шындығы бұрмалаусыз анық әрі нақты көрсетілген. Біз де сол дәуірдің ұрпағы болған соң, ол кезеңдердің оқиғалары мен адамдарының сол кездегі оқиғаларға көзқарасын, сондай-ақ, өз қатарластарымыздың мінез-құлқын жақсы білеміз. Мен мектепті 1961 жылы бітірген болсам, бұл кісілер 1958 жылы Теміртауда болыпты. Расында да, ол кезде Теміртаудың атағы жер жарып тұрды. Сол кездегі алғыр жастар, жүрегінде алауы бар азаматтар Қазақстан Магниткасына баруға шынында да құштар болатын.

Менің қуанып отырғаным, тұтас киноэпопеяға айналған үш фильм жас өскін балаларға, өмір жолын таңдауға бет алған бозбала, бойжеткендерге үлкен үлгі-өнеге болары анық. «Қазақфильм» ұжымын осындай керемет дүние жасап шығарғандарымен құттықтағым да келеді. Мұнымен айтпағым, фильмді түсірушілер нағыз тарихи оқиғаларды Елбасы өмірі арқылы көрсете отырып, жас қазақ жұмысшыларының алғырлығын, қайсарлығын, ең бастысы - мықтылығын дәл бере біліпті.

Негізі, біздің Елбасымыз - тарихты өз қолымен жасаған тұлға. Мұндай тұлғалар ғасырларды зарықтырып келетіні мәлім. Сондықтан, бүгін тұсауы кесілген фильмнің ойлағанымыздан әлдеқайда жақсы шыққаны бәрімізді үлкен қуанышқа бөлеп отыр.