Елбасымен кездесу көптің арманы, ал мен өмірімде екінші рет жүздесіп отырғаныма мақтанамын - Ж.Дұғалова

АСТАНА. ҚазАқпарат - Халықарлық сайыстарда мені Елбасының тілегі шабыттандырады. Бүгін Ақордада ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен «Көктем шуағы» атты кездесуі барысында «Turkvizion-2014» халықаралық байқауының жеңімпазы, «түркі әлемінің алтын дауысы» атағының иегері Жанар Дұғалова осылай айтты.

«Сізбен кездесу көпшілік үшін арман, ал мен өмірімде екінші рет жүздесіп отырғаныма мақтанамын. Осыдан 16 жыл бұрын Эстониядан халықаралық сайыста бас жүлде алып келгенде Сізбен кездесу бақыты бұйырған. Ол кезде 12 жастағы жеткіншекпін. Мені жеңісіммен құттықтап, ары қарай да елімізге қызмет етуді тіледіңіз. Сол бір ауыз сөзіңізді әрі ақыл, әрі тілек, әрі бата ретінде қабылдадым. Сондықтан болар, халықаралық сайыстарда бақ сынаған сайын мені сол тілегіңіз шабыттандырады», - деді Жанар Дұғалова.

Сондай-ақ, Елбасы қамқорлығының арқасында қазақ жастары талай жеңіске жететінін, Қазақстанның атын әлемге танытатынын атап өтті.