Елбасымен жүздесу бақыты бұйырды - мемлекеттік қызметші М. Бектұрғанов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Үздік мемлекеттік қызметші» атты республикалық байқаудың жеңімпаздарын қабылдады.

Президентпен жүздесу мәртебесі жамбылдық  Мұстафа Бектұрғановқа да бұйырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 Мұстафа Бектұрғанов Жамбыл облысындағы  Жуалы ауданына қарасты  Көкбастау ауылдық округі әкімінің  аппаратында  іс жүргізу және есеп бөлімшесінің басшысы болып қызмет етеді. Алғашқы еңбек жолын Жуалы ауданындағы жастар орталығында жастар ісінің нұсқаушысы болып бастаған. Жігерлі жігіт бүгінде мемлекеттік қызметшінің қызметтік сатысымен көтеріліп келеді. 26 жастағы жас маман Жамбыл облысында 2015 жылы «Үздік мемлекеттік қызметші» байқауының  екінші орын  иегері атанған. Бір бала тәрбиелеп отырған жас отбасы  екінші сәбилерінің  дүниеге келуін күтіп отыр. Еңбекқор азамат Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесу мүмкіндігіне ие болғанын зор құрметпен бағалап, ерекше әсер алғанын жасырмады.

«Елбасымен жүздесу бала күннен бергі арманым еді. Бүгін сол арманым орындалды. Өте бақыттымын. Президентке өзімнің қызметім жайында айтып, ауылымызда мемлекеттік бағдарламалардың қалай жүзеге асып жатқаны жайлы хабардар еттім. Нұрсұлтан Назарбаев еліміз,  халқымыз  үшін аянбай еңбек етуді ерекше тапсырды. Ақылын айтты. Алған әсерімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын», дейді Мұстафа Бектұрғанов.  

Тәуелсіз Қазақстанның құрдасы Мұстафа бұдан да биік белестерді бағындыруды көздеп отыр. Оған білімі де, күш- жігері де жетеді. Ең бастысы жастарға жол ашық. Мемлекеттік қызметкерлердің еліне, жеріне, халқына аянбай еңбек етуіне барлық жағдай жасалып отыр,  дейді үздік мемлекеттік қызметші Мұстафа Бектұрғанов.