Елбасымыз қазақ тілінің қанат жайып, отандастарымыздың басты тіліне айналуына өлшеусіз еңбек сіңіріп келеді - Д.Мыңбай

АСТАНА. Қыркүйектің 22-сі. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Тәуелсіздік жылдарында мемлекеттік тілдің қоғамның барлық саласында қолданылып, мәртебесінің артуына елеулі істер атқарылды. Елбасымыз қазақ тілінің қанат жайып, отандастарымыздың басты тіліне айналуына өлшеусіз еңбек сіңіріп келеді.

Бұл пікірді бүгін  Президенттік мәдениет орталығында  өтіп жатқан  тіл туралы заңның қабылданғанына және Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының құрылғанына 20 жыл толу құрметіне арналған республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда ҚР Президенті Әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Дархан Мыңбай айтты.

Оның айтуына қарағанда, қазіргі кезде   мемлекеттік тілдің өсіп-өркендеуіне заңдық, құқықтық, іскерлік, ғылыми-әдіскерлік жағынан барлық жағдайлар жасалған. Алдағы уақытта да мемлекеттік тілдің дамуына бірқатар ауқымды шаралар көзделіп жатыр. Атап айтқанда, қазақ тілінің әлеуметтік-коммуникативтік қызметін кеңейте отырып, мемлекеттік басқару тілі ретінде қолданылуын қамтамасыз ету бойынша тиісті жұмыстар жүргізіледі. Сондай-ақ мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында мемлекеттік тілді іс жүргізудегі негізгі тіл ретінде бекіту іс-шаралары жүзеге асырылуда. Бұл мәселені Үкімет пен тілді дамытуға жауапты мемлекеттік органдар ұдайы бақылауында ұстайтын болады.

«Біздің тіл саясатымыз, жалпы тіл бағытындағы жұмыстарымыздың мақсаты айқын. Ол - Елбасы алға қойған міндеттерді іс жүзінде кезең-кезеңімен жүзеге асыру, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын  барынша кеңейту болып табылады. Осы жолда барлығымыз ұйымдасып, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» жұмыс істеуге тиістіміз», дейді Д.Мыңбай.