Елбасының 5 бастамасы қоғамның әлеуметтік жағдайының жақсара түсуіне қуатты серпін береді - Қазақстан кәсіподақтар федерациясы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның кәсіподақтар федерациясы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Республикасы Президентінің қызметіне ресми түрде кірісуіне байланысты құттықтау жолдады.

«Қымбатты Нұрсұлтан Әбішұлы!

Сізді Қазақстан Республикасының Президентінің қызметіне ресми түрде кіріскеніңізбен шын жүректен құттықтаймыз!

Ұлықтау рәсіміндегі сөзіңізде Сіз бес институционалдық реформаның маңызы мен жүзеге асыру қажеттілігіне баса назар аудардыңыз. Қазақстанның кәсіподақтар федерациясы Сіз атап өткен бес институционалдық реформа негізінде елдің әрі қарай дамуын қолдайды.

Ұлықтау рәсімінде атап өткеніңіздей, 5 бастаманы жүзеге асыру экономиканың ары қарай дамып, қоғамның әлеуметтік жағдайының көтерілуіне қуатты серпін береді. Индустрияландыру - бұл экономика құралы ғана емес, сонымен қатар орта таптың және өңдеу секторы үлесінің дамуының маңызды факторы.

Индустриалдық жобалардың жүзеге асуының арқасында шағын және орта кәсіпорындар саны артады, қосымша жұмыс орындары ашылады. Шикізатты өңдеу мен жаңа технологияларды пайдаланып, қазақстандық экспорт өнімінің қатарын кеңейту міндеті қойылды.

Үшінші институционалдық реформа елдің аграрлық секторындағы қарқынды өсімді қарастырады, деп аталып өтілді ұлықтау рәсімінде. Жаңа кешенді бағдарлама негізінде трансұлттық компаниялардың қатысуымен 10 ірі қайта өңдеу жобасы жүзеге асады.

Бүгін барлық мемлекеттік органдар, еңбек ұжымдары алға қойылған тапсырмаларды орындауға назарын аударды. Қазақстанның кәсіподақтар федерациясы әрдайым Сіздің елдің тұрақты дамуына бағытталған бастамаларыңызды қолдайды», делінген құттықтауда.