Елбасының 5 томдық таңдамалы сөздерінің жинағы орыс тілінде жарық көрді
Бүгін осыған байланысты ҚР Президенті Кеңсесінің бастығы Махмұт Қасымбеков журналистерге арнап брифинг өткізді. Оның айтуынша, жинақты шығарудағы негізгі мақсат - Н.Назарбаевтың әр жылдарда сөйлеген сөздері мен баяндамаларын жинап, жүйелеп ұсыну. «Бұндай еңбек тәуелсіз Қазақстанның тарихында алғаш рет шығарылып отыр. Басқа өркениетті елдердің барлығында осындай тәжірибе бар», деді ол.
Жинақ Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және мемлекеттік-саяси дамуының негізгі кезеңдеріне сәйкес, құрамына 7 кітап кіретін 5 томнан тұрады. «Тәуелсіздік табалдырығында» деп аталатын бірінші том 1989-1991 жылдар, «Жол басы» деп аталатын екінші том 1991-1995 жылдар, «Реформалар бағытымен» деп аталатын үшінші том 1995-1998 жылдар, «Өркендеу стратегиясы» деп аталатын төртінші том 1999-2005 жылдар, ал «Көшбасшылыққа бағдар» деп аталатын бесінші томда 2006-2009 жылдар аралығын қамтиды. Сонымен бірге, төртінші және бесінші томдарға енгізілген сөздер мен баяндамалар ауқымының көптігіне байланысты, олардың әрқайсысы екі кітапқа бөлінген.
«Бұдан былай, материалдардың жиналу ретіне қарай, жинақтың басылуын одан әрі жалғастыруды жоспарлап отырмыз», деді М. Қасымбеков. 2000 данамен шыққан кітап еліміздегі кітапханаларға, мемлекеттік органдарға берілетін болады. Оның сөзіне қарағанда, келешекте жинақтың қазақ тіліндегі нұсқасын да жарыққа шығару жоспарланып отыр. Тұтасымен алғанда, кітап ең алдымен ғылыми, педагогикалық және оқушылар аудиториясына, сондай-ақ еліміздің қоғамдық-саяси дамуы мәселелеріне қызығушылық танытатын қалың көпшілікке арналған маңызды құжаттық дереккөз болып табылады.
Жинақты әзірлеу барысында Президент Мұрағатының, Тұңғыш Президент Мұражайының, Президент Әкімшілігінің, орталық мемлекеттік органдар қорларының мұрағаттық құжаттарын, стенограммалар мен басқа да материалдарды, сондай-ақ бұрын басылған кітаптарды, брошюраларды, республикалық және шетел баспасөзінде жарық көрген газет-журналдар жарияланымдарын зерттеп-зерделеу жөнінде көп жұмыстар атқарылған. Солардың қорытындысы бойынша, 267 сөз бен баяндама мұқият іріктеуден өткізіліп, жинаққа енгізілген.