Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бүгін ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында 2018 жылы шағын несиеге қосымша 20 миллиард теңге бөлінетінін айтқан еді. Осы арқылы берілетін шағын несие сомасы 62 миллиард теңгеге жетіп, оны алатындар саны 2017 жылмен салыстырғанда 14 мың адамға дейін артатын болады.
«Әлеуметтік бастама шынында да өз ісін ашамын, кәсіп жасаймын дегендер үшін үлкен мүмкіндік. Яғни, мыңдаған адамдар жеке ісін дөңгелете алады. Әсіресе ауыл-аймақтарға, ауылдағы кәсіпкерлікке өте қажет. Мен өзім де осындай шағын несие алуға ниет білдіріп жүрген адамның бірімін. Былтыр «Бастау Бизнес» жобасы бойынша білім алып, сертификатын иеленген едім. Биылғы жылы мал шаруашылығын дамыту мақсатында несие алуға құжаттарымды өткізбекпін. Президенттің әлеуметтік бастамасымен танысқанда өзім үшін ғана емес, ауылдағы көптеген азаматтар үшін де қуанышты болдым. Өйткені бұл тұтастай өңірдің дамуына септігін тигізеді», - дейді Қаратал ауылдық округінің тұрғыны, «Арда» шаруа қожалығының басшысы Азат Серік.
Айта кетейік, өткен жылы Үржар ауданында 31 адам «Жұмыспен қамту» бағдарламасы арқылы 176 миллион 500 мың теңге несие алған болатын. Ал, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 213 адам оқып, оның 52-сі шағын несиеге қол жеткізді. Биыл осы мүмкіндік еселене түсетін болады.