Елбасының алға қойып отырған мақсаттарының бірі - адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету

АЛМАТЫ. 16 наурыз. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Елбасының алға қойып отырған мақсаттарының бірі - адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың тұрмыс жағдайын жоғары деңгейге көтеру, осы тұрғыда бүгінгі өткізіліп отырған іс-шараның маңызы өте зор.

Себебі жол ережесін сақтамау көптеген адамдардың өміріне қайғы әкеп жатады. Бұл жайында «Нұр Отан» ХДП-ның Алматы қалалық филиалының қоғамдық қабылдау бөлімінің кеңес берушісі Рахия Күләшбекова «Жолда қабылдау» акциясы барысында айтты.

Р. Күләшбекова аталған ауқымды акцияны Жол полициясы басқармасымен бірге екінші рет ұйымдастырып отырғандығын атап өтті. «Біздің басты міндетіміз - жұртшылыққа құқықтық кеңестік көмек беріп, олардың жол қатынасына байланысты көкейінде жүрген сұрақтарын тыңдап, ол мәселелердің шешілуіне көмектесу», -дейді ол.

Сонымен қатар ол, осыған дейін өткізілген шаралардың нәтижесінде бір қатар жұмыстардың атқарылғандығын айтып өтті. "Өткен шараның қорытындысы бойынша Алтай ықшам ауданындағы адамдардың көлік астына түсу қаупі бар жерге бағдаршам орнаттық. Сонымен қатар көлік апаты жиі орын алатын Жароков пен Қожан көшелерінің қиылысына да бағдаршам орнатуға көмектестік", -деп атап өтті өз сөзінде Р. Күләшбекова.