Елбасының атына халық тарапынан түскен сауалдардың саны 19 мыңға жетті

sp;АСТАНА. Қарашаның 9-ы. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей желі арқылы халықпен тілдесуіне орай Астанада жұмыс істеп жатқан Байланыс орталығына осы уақытқа дейін 19 мыңға жуық сауал келіп түсті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Әлі күнге дейін халықты жиі мазалап жүрген сауалдардың қатарында халықты әлеуметтік қорғау және тұрғын-үй мәселесі, одан кейін заң бұзу және білім беру саласындағы проблемалар келеді. Байланыс орталығына хабарласып жатқан азаматтардың басым бөлігі еліміздегі зейнетақы жүйесін қайта қарауды, мүгедектерге көрсетілетін әлеуметтік көмекті ұлғайтуды, келесі жылдан бастап мемлекеттік қызметшілердің жалақысын көтеруді, сот және құқық қорғау жүйесіндегі жемқорлық әрекеттер мен білім беру саласындағы көптеген кемшіліктерді жоюды сұрап отыр. Сондай-ақ халық тарапынан сан алуан тақырыптағы ұсыныстар түсуде. Мәселен,  Қайыржан Исқақов Астана қаласында әлем діндерінің Штаб орталығын құруды ұсынса, астаналық Оразбекова Қайныш, Бижанова Айнагүл және Оразбекова Алтынай қазақтың қолөнер орталығын ашу қажеттігі туралы айтып отыр. Ал Жәнібек есімді азамат елімізде ат үстіндегі поло сияқты спорт түрін дамытуды ұсынады. Оның пайымдауынша, Қазақстан халқы бұл спортта үлкен жетістіктерге қол жеткізе алады.

Естеріңізге сала кетейік,  2009 жылы  қарашаның 13-і күні Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев «Қазақстан», «Хабар», «Астана қалалық теледидары» телеарналары және «Қазақ радиосы», «Астана радиосы» бойынша өтетін тікелей эфирде азаматтардың телеэфир, телефон интернет және СМС хабарламалары арқылы түскен сұрақтарына жауап беретін болады. Сұрақтарды республика бойынша 7 (7172) 555-777 телефоны мен  KCell, Beeline, Neo, Altel ұялы байланысын пайдаланушылар үшін СМС хабарламалары арқылы 1111 нөміріне жіберуге болады. Сондай-ақ  
www.line.gov.kz сайтының тиісті тармағын пайдалана отырып, бейнесұрақты жолдауға болады. Ал жазбаша сауалды vopros@akorda.kz электрондық мекенжайына жіберуге мүмкіндік бар.

Айта кетейік, «Қазақтелеком» ұсынған байланыс тегін болса, ұялы телефондарға арнайы төлемдер қарастырылған. «Тікелей желі» кезінде Елбасының назарына ілікпей қалған сауалдарға тиісті мемлекеттік органдар бір айдың көлемінде жауап әзірлеп, сайтқа орналастыратын болады. Ал Интернеті жоқ ауылды жерлер үшін әкімдіктер жанынан қоғамдық қабылдау бөлімдері ашылған.