Елбасының бастамаларының жалпыадамзаттық тарихи маңызы бар - Нәубет Қалиев

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Биылғы 29-ыншы тамызда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 25 жыл толады. Осы айтулы датаға орай Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқытушысы, саясаттану ғылымдарының докторы, профессор Нәубет Қалиевпен сұхбаттастық.

- Биыл 29-ыншы тамызда Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Семей ядролық полигонын жабу туралы тарихи жарлыққа қол қойғанына, қазақ жерінде орналасқан әлемдегі ең ірі полигонның үні біржола өшкеніне 25 жыл толады. Айтыңызшы, Елбасымыздың осы тарихи жарлыққа қол қоюының қандай да бір әлеуметтік, саяси алғышарттары болды ма?

- Әрине болды. Біріншіден, егер 1991 жылы тәуелсіздік алмасақ, онда Семейдегі полигонды жабу туралы әңгіме болуы мүмкін емес-тін. Екіншіден, бұған еліміздегі тарихи, ұлттық сананың оянуы әсерін тигізді. Ақиқатын айтсақ, полигон аймағындағы атом сынақтарына қарсы қозғалыстың басында қазақтың біртуар ұлы - Олжас Сүлейменов тұрды. Әуелі «Полигон төңірегіндегі қозғалысқа не түрткі болды?» деген сұраққа жауап іздейік. Бұл өзі ешқашан ашық айтылмаған, жабық тақырып. Курчатовтың негізгі ресми атауы - «Семей-21». Ол қала тікелей Мәскеуге бағынды. Тәуелсіздікке дейін Курчатовтың аумағына Саяси бюроның мүшесі Д. Қонаев та барған емес. Байқоңыр туралы Елбасымыз Н. Назарбаевтың: «Космодромға тұңғыш рет республика басшыларынан мен бардым» дегені бар. Әскери қалалар айтуға болмайтын мемлекеттік құпия деп саналды. Сол себептен Семей полигоны, оның орталығы Курчатов қаласы туралы ешуақытта, ешбір баспасөзде айтылған жоқ. Тарихи әділеттілікке жүгінер болсақ, полигон туралы қозғалысқа іргетас қалаған 1989 жылы 18-інші ақпанда Олжас Сүлейменовтің қазақ теледидарынан сөйлеген сөзі. КСРО халық депутаттығына үміткер О. Сүлейменовтің сөзі өз бағдарламасы емес, тек полигон төңірегінде өрбіді. Сонда Олжас Омарұлы: «Міне, пәленбай жыл бойы Советтер Одағының үкіметі өз халқына қарсы жасырын атом соғысын жүргізіп жатыр!» деді. 7 күннен кейін, 25-інші ақпанда митинг өтіп, О. Сүлейменов Жазушылар одағының балконынан сөз сөйледі. Сол күні «Невада-Семей» қозғалысы дүниеге келді. Осылайша халық атом сынақтарына қарсы көтерілді. Сол жылы 6-ыншы тамызда Қарауылтөбенің түбінде республикалық акция өтті. Мен сол акцияның басы-қасында болғандардың бірімін. Олжекеңнің жанында «Невада-Семей» қозғалысының белсенділері, екі мықты азамат - Мұрат Әуезов пен Мэлс Елеусізов жүрді. 3 сағатқа созылған митингке Мәскеу, Петербор, Новосібір, Минскіден және Қазақстанның әр аймақтарынан келген адамдар қатысты. Сөйтіп, бүкілреспубликалық қозғалыс пайда болды. Осы қозғалыс Қазақстанда өрлеу туғызды. Ондағы айтайын дегенім, Елбасының полигонды жабу туралы батыл шешіміне бүкілхалықтық қозғалыс үлкен қолдау көрсетті. Соның нәтижесінде әлемдегі ең ірі, ең қауіпті, ең апатты 500-ге жуық атом сынақтарын өткізген Семей ядролық полигоны қызметін тоқтатты.

- Үні мәңгілік өшкен полигонның қазақ халқына әкелген үлкен зардаптары жөнінде көп айтылды, көп жазылды. Десек те әлі күнге дейін ел естімеген қаншама оқиғалар, деректер, айтылмаған ақтаңдақтар бар. Саржал ауылында туып-өсіп, бала күніңізден полигонның бар қасіретін өз көзіңізбен көрдіңіз. Тарихи шегініс жасап, сол оқиғалардың бір-екеуін есіңізге түсіріп, әңгімелеп берсеңіз.

- Семей полигонындағы алғашқы сынақ 1949 жылы 29-ыншы тамызда болған. Одан әріде сынақтар жиілеп, 1963 жылға дейін аспанда, жердің үстінде 18 түрлі сынақ жасалған. Бұл ауа, табиғат түгел бұзылды деген сөз. Полигонның қасіретін бала күнімнен көріп өстім. Әлі есімде, 1952 жылдың жазында біздің Саржал ауылының 300-дей отбасын Жаңасемей ауданының Қарасу ауылына көшірді. Халық бір ай бойы жұмыссыз, бос жатты. Сөйтсек, 13-інші тамызда сутегі бомбасы сыналыпты. Бір айдан соң, байырғы қонысымызға оралдық. Сонда көштен қалып қойған иттердің, жылқылар мен сиырлардың жүнінің күйіп, қотыр болғанын көрдік. 1953 жылдан бастап жердің үстіндегі сынақтарды тоқтатып, ұңғылап астына түсті. Бірден байқағанымыз, әскерилердің өздері сынақтың күшін, мөлшерін білмейтін еді. Саржалда ескі мектепте оқыдық. Сынақ болады деген күні әскерилер келіп, бәрімізді далаға шығарады. Мектеп маңындағы жар, шеңгелге барып жататынбыз. Ондағы себеп - мектеп ескі, қатты сілкіністен балалар сабанның астында қалып қояды деп қауіптенеді екен. Сынақ жасалғанда «қарамаңдар» дейтін. Ол кезде 9-10 жастағы ойын баласымыз. Қалай қарамайсың? Ең алдымен ақболат шар пайда болатын-ды. Одан кейін қатты жарылған дыбыс естіледі. Соңынан аспанға саңырауқұлақ көтеріледі. Жер астында сынақ жасалғанда барлық үйлер қозғалып, ескі қабырғалар жарылатын. Пештері құлайтын. «Неге бұлай?» деп ещкім айта алмайтын. Сынақ жасалған Дегелең тауында Абай, Абыралы ауданының шаруашылықтары қоныстанды. Жазық далада көде шөп көп өседі. Малшылар сол шөпті шабуға барады. Бірақ сол шөптің қауіпті екенін, ол жерге баруға болмайтынын ешкім айтпады. Айтайын дегенім, халықтың денсаулығының үкіметке, мемлекетке керек болмағандығы. Соның әсерінен сынақ жүргізілген 4-5 жылдан кейін халық арасында бұрын-соңды болмаған аурулар көбейді. Адамдар жаппай ісік ауруларына шалдықты. Одан әріде әртүрлі жүрек, қан тамырлары аурулары шыға бастады. Қасіреттің зоры, кемтар балалар дүниеге келді. Мен Абай ауданында қызмет еттім. Содан білетінім, Қызылту совхозында Ленин, Еңбек Қызыл ту ордендерін иеленген Ыбырай Тәттіханов деген атақты шопан болды. Сол кісінің 50-інші жылдары туған бір баласын көрдім. Есін білмей туған бала 22-23 жасында өспей, жарымжан болып қалған. Қайнар совхозындағы бір қойшының баласының да денесі өспей, қатып-семіп қалған. Мұндай дегарадацияға ұшыраған балалар көп туа бастады. Айта берсем, полигонның қасіретін тауыса алмаймын. Енді бір дерек айтайын. Семейде «4-інші диспансер» деген КСРО Қорғаныс министрлігінің тапсырмасымен құрылған мекеме болған. Оның маңдайшасына «Бруцеллезге қарсы күрес диспансері» деп жазылды. Жабық мекеме полигон аумағындағы адамдардың немен, қалай ауырғанын, қандай өзгеріске түскенін, қанының құрамын зерттеді. Ай сайын әр ауылдан 20-30 адамды алып келіп, мекемеге жатқызады. Келген жұрт емделеміз деп ойлайды. Ал мекемедегілер анализін алып, дәрумен беріп, алдап қоя береді. Олар биологиялық зерттеу жұмыстарын да осылай жасырын жүргізді. Қасіреттің үлкені - қатерлі аймақтағы жердің, топырақтың, судың құрамына полигон қалай әсер еткенін 40-50 жыл бойына ешкімнің айтпағандығы. Полигоннан келген залалдан халықты сақтандыру, емдеу ешкімге керек болмады. Шындығын айтсақ, кеңестік әкімшілік жүйенің ең басты қылмысы осында.

- Қазіргі таңда Қазақстанның, оның басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қарусыз әлем құруда халықаралық қозғалыстың көшбасшысына айналғанын күллі әлем мойындады. Қалай ойлайсыз, әлі күнге дейін ядролық қаруды иеленіп отырған алпауыт елдер Қазақстанның бейбітшіліксүйгіш бастамаларына құлақ аса ма?

- Менің ойымша, тәуелсіздік қарсаңында біздің еліміз екі үлкен жетістікке қол жеткізді. Біреуі - Семей ядролық полигонын жабу, екіншісі - ядролық арсеналдан бас тарту. Ядролық қаруды ұстап тұру, оның қауіпсіздігін қамтамасыз етудің өзі қиындау еді. Сондықтан біз екі нәрседен бас тартып, адамзаттың алдындағы өзіміздің бейбітсүйгіш халық екенімізді, бізге біреуді қорқытып-үркітетін қарудың қажеті жоқ екенін көрсеттік. Менің ойымша, бұл қазақ халқының гуманистік табиғатынан туған шешім болды. Былай қарасақ, адамзат барған сайын дүниенің, техниканың құпиясын, соның ішінде биологиялық, атом қаруының құпиясын ашуда. Менің түсінігімше, соғыс алда тұрған саяси мақсаттарды жүзеге асырудың құралы десек те, ессіз болмаса ешбір ел қазіргі заманда бір-біріне үлкен соғыс ашпайды. Оның қасіреті ауыр екенін әр басшы біледі. Бұған қоса, қазір адамзаттың гуманистік көзқарасы нығайды. Ендеше сол гуманистер, қазіргі өркениеттің жемісін көріп отырған, соның тәрбиесін алған адамдар атом қаруын пайдалануды таңдамайды. Меніңше, адамзат баласы, өркениетті елдердің басшылары түбінде бір үстелдің басына жиналады. Бұл өзінен-өзі болатын тарихи-табиғи үдеріс. Ендеше Елбасымыздың жаһандық бастамасының адами, рухани негізі бар. Өйткені ядролық қаруды пайдалану - ол қасірет пен адамзат ақырының жолы. Осы тұрғыдан алғанда, Елбасымыздың ядролық қарудан ада аймақтарды құру туралы ұсынысы - реалистік ұсыныс. Түбінде әлемдегі барлық мемлекеттердің басшылары осы шешімге тоқтайды. Бірақ ол оңай жол емес. Өйткені ұлы мемлекеттердің арасында бітпейтін ұлтшылдық, менмендік, аумақтық таластар әлі жүріп жатыр. Мысалы, Үндістан мен Пәкістан, Үндістан мен Қытай. Осы мемлекеттер атом қаруына ерекше құштарлық танытуда. Ол бір ұстап тұратын тежеуіш күш деп есептейді. Бірақ түбінде олар да ядролық қарусыз әлемнің қажеттігін түсінеді. Қорыта айтсақ, Елбасымыздың жаһандық деңгейдегі бастамаларының жалпыадамзаттық тарихы маңызы бар. Өз басым Президенттің бұл ісі тарих пен адамзаттың алдындағы өзінің қасиетті борышын түсінудің ең бір тамаша үлгісі деп қабылдаймын.

- Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Әмірлан Әлімжан