Елбасының берген тапсырмаларына сәйкес дағдарыстан кейінгі кезеңдегі облыс экономикасының негізгі даму бағыттарын айқындадық ? Қырымбек Көшербаев
18:09, 19 Мамыр 2009
АҚТАУ. Мамырдың 19-ы. ҚазАқпарат /Жетібай Шаханұлы/ - Бүгін Маңғыстау облысы активінің отырысы өтті. Облыс әкімдігіндегі жиында «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс ХІІ съезінде Елбасының берген тапсырмаларына сәйкес дағдарыстан кейінгі кезеңдегі облыс экономикасының негізгі даму бағыттары айқындалды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Біз осыған дейін жасақтап, іске асырып жатқан облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуын тұрақтандыру жоспары бұл жолы белгіленген басым бағыттарды қамтиды. Жекелеген мәселелерге қатысты Мемлекет басшысының съезде берген тапсырмаларын ескере отырып жоспарға тиісті өзгерістер енгізілуі тиіс. Әдеттегідей, бірінші кезекте облыс халқы арасында ақпараттық-насихат және түсіндіру жұмыстары кеңінен жүргізілуі керек. Құрылған ақпараттық-насихат топтары қабылданған жоспарлар, қолға алынған шаралар туралы, Мемлекет басшысының алдымызға қойған міндеттері туралы халыққа жан-жақты және түсінікті ақпарат беруі қажет. Әрбір маңғыстаулық бүгінгі күнгі «дағдарыс қыспағының» уақытша екендігін терең түсінуі тиіс. Күрделі дағдарыс деп сипаттауға болатын терең күйзелістің жоқ екенін көрсету қажет»,-деді облыс әкімі Қ. Көшербаев. Съезде Мемлекет басшысы ел экономикасының дағдарыстан кейінгі дамуына сүрлеу салуы тиіс жоспардың басты қағидаларын ұсынған болатын. Ел Президенті атаған басымдықтарға сәйкес, облыста жүргізілетін жұмыстардың негізгі бағыттары анықталды. Олар бірінші, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, ауыл шаруашылығы саласындағы өңдеу жобаларын ілгерілету. Екінші, өңірлік экономиканы одан әрі әртараптандыру және жаңарту. Үшінші, көліктік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту жөніндегі жұмысты, оның ішінде концессиялық негізде іске асырылатын жобаларды жалғастыру. Төртінші міндет, қазір бар жұмыс орындарының қысқартылуына жол бермеу, «жол картасы» аясындағы шаралар және басқа да жобалар арқылы жаңа жұмыс орындарын құру. Бесінші, барлық негізгі макрокөрсеткіштер бойынша оң қарқынды сақтап қалу. Осы бағыттағы нақты жұмыстар жөнінде облыс әкімінің орынбасарлары толығырақ баяндады. Кездесуде облыс басшысы аталған бірқатар міндеттерді өз орынбасарларына жүктеп, атқарған қызметтерінің тиімділігіне ең жоғары қағидатты баға берілетіндігі жөнінде орынбасарлары мен облыстық және аумақтық басқармалар, департаменттер басшылары, қалалар мен аудандардың, ауылдық округтердің әкімдеріне ескертті. Ағымдағы жылдың шілде айының басында атқарылған жұмыстардың алғашқы қорытындысы шығарылатын болды.