Ж.Әділов Президент білім сапасын көтеру жөнінде де өнегелі ойлар айтқандығын жеткізді. «Университеттің қабырғасында студенттерге дұрыс білім бермей, нашар мамандарды дайындасақ, кейін олар қызмет орнына барғанда нәтижелі іс көрсете алмайды. Сондықтан Елбасы өте жақсы айтып кетті, диплом алдым, енді болды деген жөн емес. Әр азамат өмір бойы оқу керек. Тек сонда ғана атқарған ісіңнің жемісті болатыны айқын екендігін баса айтты», - дейді ректор.
«Елбасы өз Жолдауында студенттердің шәкіртақысы, зейнеткерлердің зейнетақысы және мемлекеттік мекемелердегі қызметкерлердің жалақысы көтерілетіндігін айтты. Бұл Президенттің халыққа жасап отырған үлкен қамқорлығы деп білем», - дейді ол.
Сонымен қатар ол биылғы Жолдауда еліміздегі судың сапасын көтеру мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы төңірегіндегі өзекті мәселелерді шешу керектігі айтылғандығын жеткізді. «Ондай іспен айналысатын мамандар көбіне біздің оқу орнында дайындалады. Сондықтан біздің университеттің оқытушылар қауымы мен студенттері Елбасының алға қойған мақсаттарын қолдап, оны атқаруға бірауыздан атсалысады», - деді Жексенбек Әділов.