Бүгін Астана қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен өткізілген «Н. Назарбаев - ұлт бірлігі мен Қазақстанның жарқын болашағының негізін қалаушы» тақырыбындағы жиын барысында «Алаш рухы Сарыарқа» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Аманбек Төлепбергенов осылай мәлім етті.
Естеріңізге сала кетейік, аталған жиын ҚР Президентінің өкілеттігін ұзарту жөнінде референдум өткізу туралы бастаманы қолдау мақсатында өткізіліп отыр.
«Қазақстан халқы тәуелсіздік алған 19 жыл ішінде барған сайын нығайып, асқаралы асуларды бағындырып келеді. Келесі жылы ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығын тойлағалы отырмыз. Бұл тарих үшін қас қағым сәт болуы мүмкін. Алайда, осы уақыт ішінде қазақ елі ғасырлар аралығында атқарылар белестерді еңсерді. Ұстанымын да қалыптастырып үлгерді. Қазақстан алаш жұртының әлімсақтан келе жатқан мәмілегерлік қасиетіне басымдық беріп, оны бүгінде халықаралық деңгейде көтере білді», - деген бірлестік басшысы бұндай парасаттылықтағы Елбасының көрегендігіне ерекше тоқталып өтті.
Оның айтуынша, тарих үшін қысқа мерзімде қол жеткізілген ірі жетістіктердің баршасы Президент Н. Назарбаевтың ерен еңбегімен бірге келді. «Қазақстан Мемлекет басшысының қайраткерлік қолтаңбасына әлемнің апайтөс тұлғалары әлдеқашан оң бағасын беріп қойған. Сондықтан да, ел-жұрты Қазақстанның алдағы бағындырар биіктерін Елбасының есімімен байланыстырады. Президенттің өкілеттігін ұзарту жөніндегі референдумның бастамашыл тобын құру да осындай мақсаттан туындап отыр. Референдум барысында Қазақстан халқы өз таңдауын жасайтыны анық. Жалпы, Елбасының еңбегін елдің ықыласына қарап бағалар болар. Елдегі тұрақтылық, халықтың бірлігі, экономикадағы өсім, ұлттың өркендеуі - Н. Назарбаевтың қажырлығының арқасында жүзеге асты. Алдағы бағындырар белесіміз бұдан да биік болмақ», - деді А. Төлепбергенов.