Жемқорлыққа қарсы республикалық комитет төрағасы, ҚР Президенттігіне экс-кандидат Жақсыбай Бәзілбаев бүгін журналистермен президенттік сайлау алдындағы елдегі саяси жағдайға қатысты өз пікірімен бөлісті.
Оның айтуынша, Президенттік сайлау алдындағы елдегі саяси жағдай тұрақты қалыпта. «Мен ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік өкілеттігін ұзарту жөнінде референдум өткізуді қолдамадым. Дегенмен, Елбасының елдегі саяси ахуалды бағамдап, қарсы пікірлерді ескере отырып кезектен тыс Президенттік сайлау өткізу жөнінде шешім қабылдағанын толық құптаймын»,- дейді Ж. Бәзілбаев.
Оның сөзіне қарағанда, соңғы уақыттағы елімізде өткен ЕҚЫҰ Саммиті, 7-қысқы Азия ойындары Нұрсұлтан Назарбаевтың елді дұрыс бағытта басқарып отырғандығының жемісі. «Халықаралық деңгейде үлкен маңызы бар мұндай шаралардың елімізде өтуі Қазақстанның әлемдегі беделін арттыра түсері сөзсіз. Бұл тұрғыда Елбасының еңбегінің зор екенін ескеруіміз қажет», -деді ол.
Жақсыбай Бәзілбаев 1999 жылы «Алаш» ұлттық-патриоттық партиясын құрушылардың бірі. 2006 жылы Қазақстанның ұлттық-патриоттық қозғалыстары бірлестігі комитетінің төрағасы болып сайланды. Сондай-ақ, ол 1998-1999 және 2005 жылдардағы ҚР Президенттігінің экс-кандидаты болып табылады.