«Елбасының ерен еңбегін жырлағанда, көзіме жас келді» - баспасөзге шолу

None
АСТАНА. 6 шілде. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 6 шілде, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

«Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың елорданың 15 жылдық мерейтойына арналған «Астана - Қазақстанның ұлы дәуірі және стратегиялық векторы» деген тақырыптағы мақаласы жарық көрді. Онда Елбасы: «Біздің елордамыздың аты қазірдің өзінде Еуразия мен Солтүстік Америкадан 56 елдің мемлекет пен үкімет басшыларын жинаған Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының ХХІ ғасырдағы алғашқы саммиті өткізілген жер ретінде жаһандық тарихқа енді. Тек өткен төрт жыл бедерінде ғана қала VII Азия ойындарын, Бүкіләлемдік туристік ұйымы Бас ассамблеясының XVIII сессиясын, Ислам ынтымақтастығы ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің XXXVIII сессиясын қабылдады», - деп жазады.

«Дағдарыстан кейінгі әлем» халықаралық қорының зерттеулері қорытындысы өз еліне орасан зор пайда әкелген ұлт көшбасшыларын да анықтады. Сол тізім­дегі үздік бестіктің қа­та­рынан Қазақстан Пре­зи­денті Нұрсұлтан Назарбаев та орын алды», - деп жазады «Егемен Қазақстан» сенбілік санындағы «Әлемдегі үздік 5 лидердің бірі» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның жазуынша, топ-5 көшбасшыларын Германияның канцлері Ангела Меркель бастайды. Ал бұдан кейінгі орындарға Қытайдың экс-басшысы Ху Цзиньтао, Ресей Президенті Владимир Путин, Венесуэланың бұрынғы лидері Уго Чавес және Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев орналасқан. Сарапшылардың пайымынша, кешегі кеңестік кеңістіктен шық­қан жас мемлекеттер үшін осы кезге дейін шын мәнінде «ма­мыра-жай заман» болған емес. Олардың тәуелсіздік жылдарынан бергі әрбір жылы мен айы, аптасы мен күні ұдайы ілгері ұмтылумен, үнемі әлденені іздестірумен, әр­дайым әр нәрсені жетілдіре түсу жолында тірлік етумен өтіп келеді. Мұның бәрі, айналып келгенде, бұл елдердің іргелерін бекітіп, ке­регелерін нықтауларына арналды. Солардың арасындағы Нұрсұлтан Назарбаевтың белсенді қимылы мен миссиясы қашанда «мемлекеттік менеджменттік» шең­бері аясынан шығып кетіп, Ұлттың атасы деген сипаттаманың қауызына лайық келетін ұлан-ғайыр тірліктермен ұштасып жатты.

***

«Айқын» газетінің бүгінгі нөмірінде Жүрсін Ермановпен арадағы сұхбат «Елбасының ерен еңбегін жырлағанда, көзіме жас келді» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалына тұщымды жауап берген ол: «Жалпы, соңғы өткен екі Президент сайлауында Нұрсұлтан Әбішұлын қолдау мақсатында «Елбасы - ертеңіміз, Абылай - айбарымыз», «Ел басқарған ерің кім?» деген атпен екі айтыс ұйымдастырдық. Екеуінде де ел азаматтарының жақсы істері, мемлекетіміздің сындарлы саясаты тақырыпқа арқау болды. Тіпті ақындар Елбасының ерен еңбегін жырлағанда, көзіме жас келді. Мен жыламайтын адаммын. Бірақ соншама жетістіктерді тілге тиек еткенде толқып кеттім. Әрине, «Ер болсаң, бопсаға шыда» дегендей, кейбір жетпей жатқан тұстарымыз да айтылды. Жақсылық пен кемшілікті қатар алып жүру айтыстың тарихында бар дүние. Сондықтан оған төзімділікпен, түсіністікпен қарадық», - дейді.

Осы басылымның жазуынша, Ақтөбе облысының медициналық мекемелерінде дәрігерлер тапшы. Бұл жайында облыстық денсаулық сақтау басқармасы бөлімінің басшысы Гүлбаршын Есенбаева мәлім еткен. Мекеме өкілінің айтуынша, аудандық медициналық ұйымдарда 76 дәрігер жетіспейді, қалалық ұйымдарда 72 дәрігер орны бос тұр.Ең көп тапшылық Ойыл, Мұғалжар, Әйтеке би, Алға, Хромтау, Байғанин және Қобда аудандарында байқалады. Жалпы тәжірибелі 25 дәрігер, 7 акушер-гинеколог, 5 педиатр және 5 офтальмолог тапшы.Жыл сайын бюджеттен ауылға баратын жас мамандар үшін қаражат бөлінуде. Бір жолғы жәрдемақы 70 айлық есеп көрсеткішін (121 170 теңгені) құрайды. Одан бөлек, қазіргі заңнамамен тұрғын үй сатып алу үшін 1500 айлық есеп көрсеткіші (2 596 500 теңге) көлемінде 15 жылға дейінгі мерзімге жеңілдікпен несие беру қарастырылған.