Елбасының халықтар достығы, бейбітшілік, татулық туралы ойлары ешқашан ескірмек емес - 76 жастағы кейуана

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан халқының бірлігі күні! Бұл мереке қазіргі кезеңде өте-мөте маңызды шара. Барлығымыз бүгін үйде отыра алмай, Қазақ елі алаңына келіп, бір-бірімізді мерекемен құттықтап мәз-мейрам болып қалдық, дейді 76 жастағы немере-шөбере өсіріп отырған Кеңдік Баймағамбетова әже.

Ол кісі де бүгін барша халықпен бірге алаңға шығып, Қазақстан халқының бірлігін күнін тойлауда.

«Біз өзіміздің Отанымызды, осындай деңгейге жеткенімізді мақтан етеміз. Мұның барлығы біріншіден, қазақ халқының тарихи менталитетінің арқасы, екіншіден, әрине, осыншама халықты айрандай ұйытып, бірлікке шақырып, ұйымдастыра алатын адам болуы керек. Оны ұйымдастырушы - біздің Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев», - деп атап өтті Кеңдік әже.

«Өз басым ол кісінің әрбір сөзін қалт жібермей тыңдап жүремін. Жуырда Мәскеу мемлекеттік университетінде оқыған лекциясы да жан-жақтылығымен, терең әрі жеңіл түсінілетін мағыналылығымен жаныма жақын жылылығымен есте қалды», - дейді К. Баймағамбетова.

Оның айтуынша, 50 жыл ұстаздық қызмет етіпті.

«Сондықтан Елбасының әр еңбегін қалт жібермей оқып отырамын. Ең бірінші «ХХІ ғасыр табалдырығында» атты кітабынан бастап талдап-талдап, оқушыларға насихаттап келемін. Өзім 72 жасыма дейін оқушыларға білім үйретумен болдым. Әлі де шәкірттерімнен қол үзген жоқпын», - дейді әже.

Сөзін қорытындылай келе Кеңдік әже: «Елбасының халықтар достығы, бейбітшілік, татулық туралы ойлары ешқашан ескірмек емес!

Мереке құтты болсын! Аспанымыз ашық, достығымыз мәңгі болсын!», - деп ақ батасын берді.