Елбасының қатысуымен АЭФ-тің пленарлық отырысы басталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін елордадағы Тәуелсіздік сарайында «Инфрақұрылым: Экономиканың тұрақты өрлеуінің драйвері» тақырыбындағы Астана экономикалық форумы жалғасуда.

Пленарлық отырыс Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өтіп жатыр. Сонымен қатар форумға Ұлы Люксембург Герцогтігінің Премьер-Министрі Ксавье Беттель, БҰҰ Даму бағдарламасының әкімшісі Хелен Кларк, «JPMorgan Chase International» корпорациясы төрағасы Джейкоб Френкель, ХВҚ бас экономисі (2001-2003 жылдары), Гарвард университетінің профессоры Кеннет Рогофф қатысуда. 21 мамыр күні басталған VIII Астана экономикалық форумына шамамен 90 елден делегат келді. Олардың қатарында 200-ге жуық вип-спикер, мәселен, экс-премьер-министрлер, парламент мүшелері, қаржы институттарының өкілдері, Нобель сыйлығының иегерлері, халықаралық ұйымдар басшылары және белгілі ғалымдар бар. Форум аясында 21-22 мамырда отызға жуық сессия өтеді. Олардың барлығы экономикадағы әлеуеті зор салалардың бірі - инфрақұрылымды дамыту тақырыбына арналуда. Айта кетейік, форумды ұйымдастыруға БҰҰ, ЕҚЫҰ, БҰҰ ДБ, Дүниежүзілік банк сияқты іргелі ұйымдар атсалысып отыр.