Елбасының қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясының XIХ сессиясы өтеді

АСТАНА. 21 сәуір. ҚазАқпарат - 2012 жылғы 27 сәуір Астанадағы Бейбітшілік және Келісім Сарайында Қазақстан Республикасы Президенті, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Қазақстан жолы: тұрақтылық, бірлік, жаңғыру» атты күн тәртібімен Қазақстан халқы Ассамблеясының XIХ сессиясы өтеді.

Ассамблея мәліметіне қарағанда,  оның жұмысына барлық өңірлерден республикалық және аймақтық этномәдени бірлестіктердің басшылары, Парламент депутаттары, сондай-ақ орталық атқарушы органдар, саяси партиялар, діни бірлестіктер, ҮЕҰ, шет елдер дипломатиялық миссиялары басшылары және ғылыми-шығармашылық интеллигенция мен БАҚ өкілдері қатысады.

Сессия соңынан салтанатты концерт ұйымдастырылады.

ҚХА XIХ сессиясы қарсаңында сол күні Тәуелсіздік сарайында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Мұхтар Құл-Мұхамедтің қатысуымен Ассамблея Кеңесінің кеңейтілген отырысы өтеді деп күтілуде. Онда ҚХА-ның орта мерзімге арналған бірқатар өзекті мәселелері қаралатын болады.

Айта кетейік, 1995 жылы 1 наурызда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы мемлекеттік ұлттық саясат жүйесінде орталық орынды алып отыр. Әлемнің ешбір елінде баламасы жоқ азаматтық қоғамның бірегей институты бүгінде шын мәнінде халық дипломатиясының органы. Өзінің 17 жылғы жұмысының нәтижесінде Ассамблея орталық және жергілікті атқарушы билік органдарының этносаралық даму мәселелері бойынша жұмыстарын үйлестіруші ретінде танылды. Бұл этносаралық келісімді ақпараттық, білім беру, тәрбиелік, құқықтық, сондай-ақ халықаралық қамтамасыз етуді қамтитын қомақты жұмыс.

Бүгінде 88 жалпы білім беретін ұлттық мектептерде білім беру этнос тілдерінде жүргізілуде. 195 этно-ағарту кешендері мен лингвистикалық мектептер ашылып, жұмыс жасауда. 108 мектепте 22 этностың тілдері жеке пән ретінде оқытылуда.